УЕФА ұйымы матч кезінде "Көк бөрі" ұлтшылдар тобының белгісін көрсеткен Түркия құрамасының футболшысы Мерих Демиралға қатысты шешім шығарды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ УЕФА-ның ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Мерих Демирал футболдан Еуропа чемпионатының 1/8 финалында гол соққаннан кейін, қолымен ым-ишара көрсеткен еді. Бұл Түркияның ұлтшыл қозғалыс партиясымен байланысты топ – "Көк бөріні" еске түсіретін қимыл болып шықты. Оған Франция мен Аустрияда тыйым салынған.
Демиралдың осы әрекетінен соң УЕФА ұйымы тергеу бастаған болатын. Тергеу қорытындысы бойынша түркиялық футболшы алдағы 2 матчтан шеттетілді.
Еске салайық, Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған халықаралық саммитке емес, Түркия футбол құрамасының Нидерланд командасына қарсы ойынына баратынын жазған едік. Президенттің бұл шешіміне футболшы Мерих Демиралға қатысты дау бірден-бір себеп болған.
Еуропа чемпионатының ширек финалындағы Түркия – Нидерланд матчы 6 шілдеде өтеді. Кездесу Қазақстан уақытымен 23:50-де басталады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2129742-uefa-uiymy-austriia-qaqpasyna-gol-soqqan-turkiialyq-futbolshyny-zhazalady/