Футболдан Еуропа чемпионатының 1/4 финалында Германия құрамасы Испаниядан жеңіліп қалды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Биылғы Еуропа чемпионатындағы алғашқы ширек финалдық ойын Германияның Штутгарт қаласында өтіп, 2:1 есебімен аяқталды.
Алғашқы таймда гол соғылған жоқ. Бұл таймда испаниялық футболшы Педри жарақат алып, оның орнына 8-минутта Дани Ольмо алаңға шықты.
Педриді алмастырған Ольмо екінші таймда (51-минутта) есеп ашты. Ол 17 жастағы командаласы Ламин Ямальдің пасын голға айналдырды. 89-минутта Германия құрамасының ойыншысы Флориан Виртц мергендік танытты. Негізгі уақыт тең есеппен аяқталды.
Экстра-таймда (119-минутта) Испания сапынан Микель Мерино қарсыластың қақпасын дәл көздеп, жеңіс голын соқты. Осылайша, испаниялықтар жартылай финалға жолдама алды.
Испания құрамасының жартылай финалдағы қарсыласы Португалия – Франция ойынынан кейін анықталады. Бұл матч бүгін, 5 шілдеде 23:50-де басталады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2129934-euro-2024-germaniia-quramasy-oz-alangyndagy-chempionattyng-zhartylai-finalyna-ote-almady/