Футболдан Аргентина құрамасы АҚШ-та өтіп жатқан Америка кубогының финалына жолдама алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Аргентина құрамасы жартылай финалда Канадамен кездесіп, 2:0 есебімен басым түсті. Жеңімпаздар сапынан Хулиан Альварес (23-минутта) және Лионель Месси (51-минутта) гол соқты.
Осылайша, Аргентина командасы 2024 жылғы Америка кубогының алғашқы финалисі атанды. Құраманың ақтық сындағы қарсыласы Уругвай және Колумбия арасындағы матчтан кейін анықталады. Бұл ойын 11 шілдеде Қазақстан уақытымен 05:00-де басталады.
Аргентина құрамасы 2021 жылғы Америка кубогының да финалында ойнап, Бразилияны 1:0 есебімен ұтқан болатын. Аргентина командасы тарихында 15 рет Америка кубогын жеңіп алған.
Айта кетейік, Германияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатының да алғашқы финалисі анықталды. Испания құрамасы Францияны 2:1 есебімен жеңіп, ақтық сынға жолдама алды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2131467-argentina-quramasy-qatarynan-ekinshi-ret-amerika-kubogynyng-finalyna-shyqty/