Франция астанасы Парижде өтіп жатқан жазғы Олимпиада ойындары аясындағы футбол турнирінің жартылай финалдық кезеңінің матчтары аяқталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
- Франция футбол құрамасы Мысырды 3:1 есебімен қосымша уақытта жеңіп, Олимпиада ойындарының финалына шықты.
- Испания құрамасы Марокконы 2:1 есебімен жеңіп, екінші финалист атанды.
- Франция мен Испания арасындағы финалдық матч 9 тамыз күні Қазақстан уақыты бойынша сағат 21:00-де өтеді.
Жартылай финалдық кезеңнің алғашқы кездесуінде Марокко құрамасы Испаниядан 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Матчтағы алғашқы голды 37-минутта пенальтиді мүлтіксіз орындаған марокколық ойыншы Соуфиан Рахими соқты. Ойынның 66-минутында Испания құрамасының футболшысы Фермин Лопес есепті теңестірсе, матчтың 85-минутында Хуан Луис Санчес есепті 2:1-ге жеткізіп, испаниялықтарға жеңіс сыйлады.
Екінші жартылай финалдық ойында Франция құрамасы Мысырды қосымша уақытта 3:1 есебімен жеңді. Бірінші таймда командалар есеп аша алмады. Бұл кездесудегі алғашқы голды 62-минутта Мысыр құрамасының ойыншысы Махмуд Сабер соқты. Франция құрамасының футболшысы Жан-Филипп Матет матчтың 83-минутында есепті теңестіріп, ойын қосымша уақытқа ұласты.
Қосымша уақытта Жан-Филипп Матет пен Майкл Олис көзге түсіп, франциялықтарды финалға алып шығарды. Мысыр пен Марокко арасындағы қола жүлде үшін болатын кездесу 8 тамызда сағат 18:00-де басталады.
9 тамыда сағат 21:00-де Франция мен Испания арасындағы футболдан Олимпиадалық турнирдің финалы өтеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2145000-futboldan-parizh-olimpiadasynyng-finalynda-baq-synaityn-quramalar-anyqtaldy/