Футзалдан Португалия құрамасының ойыншысы Эрик Мендонка мен команда капитаны Жоао Матос әлем чемпионатының 1/8 финалы аясында өтетін Қазақстанға қарсы матч туралы пікірлерін ортаға салды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Португалия құрамасының капитаны Жоао Матос Қазақстанға қарсы матч оңайға соқпайтынын атап өтті.
"Осы турнирде олардың ойындарын көрмедім, уақыт болмады. Бірақ Қазақстан өте мықты және тәжірибелі команда екенін білемін. Соңғы ірі турнирлерде олар жақсы нәтиже көрсетті. Бұл әлем чемпионатында Испаниямен тең ойнап, топта бірінші орын үшін соңына дейін күресті, сондықтан оңай болмайтыны анық", - деді Жоао Матос Meta-ratings.kz сайтына берген сұқбатында.
Ал португалиялық Эрик Мендонка 2021 жылы Литвада өткен әлем чемпионатының жартылай финалында Қазақстанға қарсы матчты еске алды.
"Өткен әлем чемпионатында біз жартылай финалда Қазақстанмен кездесіп, тек пенальти сериясында жеңіске жеттік. Қазақстан – мықты құрама, біз оны жақсы білеміз. Біз – әлем және Еуропа чемпиондарымыз, сондықтан олар бізбен кездескісі келмеген болар (күледі). Бірақ мен Қазақстан бізден қорқады деп ойламаймын. Олардың құрамында тәжірибелі ойыншылар бар. Олар 1/8 финалда тек төмен рейтингтегі қарсыласпен ойнағылары келген болар", - деді Эрик Мендонка.
Еске сала кетейік, қос құрама 2021 жылы Литвада өткен әлем чемпионатының жартылай финалында кездескен. Ойынның негізгі уақыты 2:2 есебімен аяқталып, пенальти сериясында португалиялықтар 4:3 есебімен жеңген болатын. Сол жылы Португалия құрамасы футзалдан әлем чемпионы атанды.
Айта кетейік, Өзбекстанда өтіп жатқан футзалдан әлем чемпионатының 1/8 финалынжа Қазақстан мен Португалия құрамалары кездеседі. Матч ертең, 26 қыркүйекте сағат 20:00-де басталады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2165731-bizben-kezdeskisi-kelmedi-portugaliialyqtar-qazaqstanga-qarsy-match-turaly-pikir-bildirdi/