Спорт

Зектілері

"Алтын доп" жүлдесі испаниялыққа бұйырды: 2024 жылдың үздік футболшысы анықталды

Жарияланған күні:

Родри
Родри. Фото: Stephane Cardinale - Corbis/Corbis via Getty Images

Биылғы "Алтын доп" жүлдесін "Манчестер Сити" мен Испания құрамасының ойыншысы Родри иеленді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"Алтын доп" жүлдесін табыстау рәсімі Франция астанасы Париждің "Шатле" театрында өтті. "France Football" журналы ұйымдастыратын бұл жүлде әлем футболында соңғы жылда үздік атанған ойыншыға табысталады.

Нәтижесіде биылғы "Алтын доп" жүлдесін "Манчестер Сити" мен Испания құрамасының ойыншысы Родри еншіледі.

Родри биыл жазда Испания құрамасы сапында алғаш рет Еуропа чемпионы атанып, турнирдің үздік ойыншысы деп танылды. "Манчестер Сити" клубы сапында өнер көрсететін жартылай қорғаушы қатарынан төртінші рет Англия премьер-лигасын жеңіп алды.

2023 жылдың 1 тамызынан 2024 жылдың 31 шілдесіне дейінгі кезеңде ойыншылардың жетістіктерін бағалаған комиссия мүшелері "Алтын доп" сыйлығына үздік 30 футболшыны үміткер ретінде таңдады.

Әйелдер арасындағы биылғы "Алтын доп" жүлдесін екінші жыл қатарынан Айтана Бонмати жеңіп алды. "Барселона" мен Испания құрамасының жартылай қорғаушысы өткен маусымда Ұлттар лигасы, Чемпиондар лигасы, Испания чемпионаты, кубогы және Суперкубогында жеңімпаз атанды. Футболшыға марапатты американдық актриса, "Оскар" сыйлығының иегері Натали Портман табыс етті.

Эмилиано Мартинес қатарынан екінші мәрте Лев Яшин атындағы маусымның үздік қақпашысы жүлдесін жеңіп алды. Аргентина құрамасымен бірге ол 2024 жылғы Америка кубогында жеңіске жетіп, турнирдің қорытындысы бойынша "Алтын қолғап" жүлдесін еншілеген еді. Сондай-ақ өткен маусымда ол англиялық "Астон Вилла" сапында Англия премьер-лигасында 4-орынға ие болды.

Маусым қорытындысы бойынша Йохан Кройф атындағы жүлде үздік бапкерлерге табысталды. Ерлер футболында бұл марапатқа мадридтік "Реалдың" жаттықтырушысы, италиялық Карло Анчелотти ие болды. Әйелдер футболында жүлдені англиялық Эмма Хейз алды, ол қазір футболдан АҚШ құрамасын жаттықтырады.

Айта кетейік, 2023 жылғы "Алтын доп" жүлдесін аргентиналық футболшы Лионель Месси еншілеген болатын. Осылайша Лионель Месси бұл жүлдені 8 мәрте жеңген жалғыз спортшы ретінде көш бастап келеді.

Ал бұдан кейінгі орынға португалиялық футболшы Криштиану Роналду орналасқан. Ол өз мансабында "Алтын доп" жүлдесін 5 мәрте жеңіп алған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2179766-manchester-siti-oiynshysy-altyn-dop-2024-zhuldesining-iegeri-atandy/