Испаниялық "Валенсия" футбол клубының бұрынғы ойыншысы Хосе Кастильехо су тасқынынан көз жұмды. Ал команданың Ла Лига аясында "Реал Мадридке" қарсы өтуі керек болған матчы кейінге шегерілді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Хосе Кастильехоның қазасы туралы хабар "Валенсия" клубының X желісіндегі парақшасында жарияланды.
"Валенсия" ұжымы "Дана" дауылының құрбаны болған Хосе Кастильехоның қазасына қайғыра көңіл айтады. Кастильехо "Валенсия" академиясының құрамында болды және "Валенсия" қауымдастығының бірнеше командаларында ойнады", - делінген хабарламада.
Қайғылы жағдайға байланысты "Валенсия" командасының "Реал Мадридке" қарсы өтуі керек болған матчы кейінге шегерілді.
"Ла Лиганың 12-туры аясындағы мадридтік "Реалға" қарсы матч кейінге қалдырылды. Бұл ойын осы сенбіге, 2 қарашаға жоспарланған еді. Матчты кейінге шегеруге көптеген адам қаза тауып, зардап шеккен "Дана" жағдайы себеп болды. Осы қиын сәтте біз марқұмдар мен зардап шеккендердің отбасы мүшелеріне, достарына көңіл айтып, олармен бірге екенімізді білдіргіміз келеді. Қазіргі кезде біз футболды екінші деңгейге қоямыз", - делінген клуб мәлімдемесінде.
Еске салайық, Испанияда су тасқынынан қаза тапқандардың саны 150-ден асқанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2181881-ispaniialyq-futbolshy-su-tasqynynan-qaza-tauyp-real-madridting-matchy-keiinge-shegerildi/