Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әкімдер қысым көрсетеді": ардагер ойыншы елдегі футболдың түйіткілді тұстарын ашып айтты

Жарияланған күні:

Самат Смақов
Самат Смақов. Фото: Видеодан кадр

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы ойыншысы Самат Смақов бас бапкер Станислав Черчесовтің жұмысы мен елдегі футболдың даму қарқыны жөнінде пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ 1bol.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Самат Смақовтың айтуынша, ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесовке өз жұмысын толыққанды көрсету үшін оған уақыт керек.

"Черчесовті басшылық тағайындап отыр. Станислав Саламұлы бапкер ретінде де, ойыншы ретінде де өте тәжірибелі. Әрине нәтижені жанкүйердің бәрі талап ететіні рас, көпшілік бұрынғы жылдардағы табыспен салыстырып жатыр. Бірақ жақсы нәтиже тек уақытпен келеді. Сондықтан күте тұру керек деп ойлаймын. Ал бағаны іріктеу маусымының қорытындысы бойынша федерация басшылығы мен БАҚ өкілдері береді", - деді Самат Смақов.

Сонымен бірге Самат Смақов футболдағы нәтиже бірден өз жемісін бермейтінін, оған ерекше төзім мен үлкен еңбек қажет екенін де атап өтті.

"Бізде адамдар бәрі бірден бола салғанын қалайды. Ешкім бапкерлерге уақыт, мүмкіндік бергісі келмейді. Ал спорттың кез келген түрі жүйелі жұмысты талап етеді. Сол секілді клуб басшылығы ауысқанда да бірден жоғары көрсеткіш сұрау дұрыс емес. Ол болашақ үшін жұмыс істеп, балалар футболын дамытудан бастауы керек. Мысал ретінде "Қайрат" академиясын алайық. Қайрат Советайұлы бұл академияның негізін 2013 жылы қалаған. Араға 10 жыл салып ол жемісін бере бастады. Қазір "Қайрат" түлектері негізгі клуб сапында, өзге командаларда өнер көрсетіп жүр.

Әйтпесе жаңадан келген әкім клуб басшылығына қысым көрсетеді, тез арада нәтиже сұрайды. Сонан соң бапкер дубльге, жастарға мән беріп отыра ма? Жоқ. Себебі оның уақыты жоқ, оған жоғары көрсеткіш керек. Басшылық та, бапкерлік құрам да өз орындарын сақтап қалу үшін ауқымды мәселелерді шешуге ғана көңіл бөледі. Сол үшін уақыт берілуі керек. Бізде мұны ешкім түсінгісі келмейді", - деді Самат Смақов.

Айта кетейік, Самат Смақов ұлттық құрама сапында 2000-2016 жылдар аралығында 76 матч өткізген. Қазіргі таңда ол елордалық "Астана" футбол клубының техникалық директоры қызметін атқарады

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2184446-akimder-qysym-korsetedi-ardager-oiynshy-eldegi-futboldyng-tuiitkildi-tustaryn-ashyp-aitty/