Спорт

Зектілері

"Көпшілік назарында": Ресейде гол соғып жүрген Максим Самородовтың ойынын футбол сарапшысы жоғары бағалады

Жарияланған күні:

Максим Самородов
Максим Самородов. Фото: "Ахмат" футбол клубының баспасөз қызметі

Футболдан Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншысы Павел Евтеев грозныйлық "Ахмат" клубының шабуылшысы Максим Самородовтың мәскеулік "Динамоға" қарсы матчындағы ойынын бағалады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Sports.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Кеше, 2 желтоқсанда грозныйлық "Ахмат" клубы Ресей премьер-лигасының 17-туры аясында өз алаңында мәскеулік "Динамомен" 1:1 есебімен тең түсті.

Ойынның 22-минутында қазақстандық футболшы Максим Самородов керемет гол соғып, "Ахмат" клубын алға шығарды.

Алайда ойынның 90+5-минутында мәскеулік "Динамо" клубының қақпашысы Игрорь Лещук бұрыштамадан көтерілген допты баспен ұрып, гол соқты. Осылайша қос команда бұл ойында тең тарқасты.

"Бұл ойын шиеленіске толы әрі қиын болды, тіпті матчтың соңында күтпеген нәтиже болды. Әдетте біз қақпашының есепті теңестіргенін жиі көрмейміз.

Максим тамаша ойын көрсетті. Керемет гол соқты, сондай-ақ есепті еселей түсетін мүмкіндіктері де болды. Максим Самородов сенімді әрі агрессивті ойнады. Мен оның "Матч ТВ" арнасына берген сұқбаттарын көрдім, қазір ол көпшілік назарында. Жігіт жақсы формада келе жатыр, әрі қарай да дамып, жоғары нәтиже көрсетеді деп үміттенемін", - деді Павел Евтеев.

Айта кетейік, футболдан Қазақстан құрамасының шабуылшысы Максим Самородов бұл матчтың 83-минутына дейін алаңда ойнады.

Максим Самородов "Ақтөбе" клубынан гронзныйлық "Ахмат" сапына биыл 6 тамызда ауысқан болатын. Transfermarkt мәліметінше, Максим Самородовтың қазіргі трансферлік құны – 1,2 млн еуро.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2195595-kopshilik-nazarynda-reseide-gol-sogyp-zhurgen-maksim-samorodovtyng-oiynyn-futbol-sarapshysy-zhogary-bagalady/