Спорт

Зектілері

Тегін автобустар қатынайды: Алматы әкімдігі өкілдері "Астана" – "Челси" матчына байланысты жанкүйерлерге үндеу жасады

Жарияланған күні:

"Астана" футбол клубының ойыншылары
"Астана" футбол клубының ойыншылары. Фото: fcastana.kz

Алматыда "Астана" мен "Челси" футбол командалары арасындағы матч күні Орталық стадионға трансферлер ұйымдастырылады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

12 желтоқсанда сағат 20:30-да Алматының Орталық стадионында УЕФА Конференция лигасы аясында "Астана" мен "Челси" командалары арасында матч өтеді.

Билеттер туралы ақпарат

Билеттерге сұраныстың жоғары болуына және алаяқтардың жалған билеттер сатуының алдын алу мақсатында Алматы спорт басқармасы өкілдері жанкүйерлерге Zakazbiletov.kz сервисі арқылы билеттерді алдын ала сатып алуды ұсынып отыр.

"Делдалдардың қызметіне жүгінбеуіңізді өтінеміз. Спекуляция мен қайта сатудың алдын алу үшін сатып алынған билеттер жеке аты-жөні көрсетілген түрде рәсімделеді және матч күні электрондық поштаға жіберіледі. Стадион кассаларынан билеттерді сатып алу мүмкіндігі болмайды. Стадионға кіреберісте жанкүйерлерден билет пен билеттегі аты-жөннің сәйкестігі тексеріледі. Бұдан кейін жеке тексеру жүргізіліп, билеттің шынайылығын тексеру үшін штрих-код сканерленеді", - делінген хабарламада.

Жолдардың жабылуы туралы ақпарат

Кіру кезінде кептеліс болмас үшін жанкүйерлерге Орталық стадионға ертерек келіп, қоғамдық көліктерді пайдалануға кеңес беріледі. Футбол жанкүйерлеріне стадионның есігі 18:00-де ашылады.

Көлік кептелісін болдырмау мақсатында стадионға жақын аумақтарда 12 желтоқсанда сағат 18:30-дан 00:00-ге дейін Абай даңғылының (Байтұрсынов көшесінен Мұқанов көшесіне дейін) қозғалысы шектеледі, Сәтбаев көшесі (Байтұрсынов көшесінен Байзақов көшесіне дейін) толық жабылады. Жақын маңдағы көшелерде патрульдік полиция бекеттері қойылады.

Жанкүйерлерге арналған ақпарат

12 желтоқсанда қалада минус температура болады деп күтілуде, сынап бағанасы шамамен -11 градус. Сондықтан жылы әрі ыңғайлы киім кию керек. Қауіпсіздік шараларына байланысты стадион аумағына термос алып кіруге тыйым салынады. Жанкүйерлер үшін стадион ішінде ыстық сусындармен жеңіл тағамдар сатып алуға болатын сауда нүктелері жұмыс істейді. Стадион айналасында 60 биодәретхана, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дәретханалар орнатылады.

Трансфер туралы ақпарат

Қала әкімдігі жанкүйерлердің Орталық стадионға және кері қайтуына қолайлы болу үшін 8 тегін автобус маршрутын ұйымдастырады. Әр маршрутқа 10 автобустан бөлінеді. Жиналу нүктелерін 2GIS сервисі арқылы көруге болады:

  • Қалқаман шағын ауданы (№7 қалалық аурухана аялдамасы) – Орталықстадион.
  • Орбита шағын ауданы (Мұстафин-Торайғыров көшелерінің қиылысы) – Орталық стадион.
  • Айнабұлақ шағын ауданы (Мақатаев-Павлодар көшелерінің қиылысы) – Орталық стадион.
  • "Халық Арена" аялдамасы (солтүстік бағыт) – Орталық стадион.
  • Алматы-1 теміржол вокзалы аялдамасы – Орталық стадион.
  • "Райымбек батыр" метрополитен бекеті – Орталық стадион.
  • Наурызбай ауданының ХҚКО аялдамасы – Орталық стадион.
  • Момышұлы-Мөңке би көшелерінің қиылысы аялдамасы – Орталық стадион.

Автобустар сағат 16:00-ден бастап жүре бастайды және толуына қарайжолға шығады.

"Жеке көлік иелері мен қала тұрғындарынан уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарап, бағытын алдын ала жоспарлауды сұраймыз", - делінген әкімдік хабарламасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2198391-tegin-avtobustar-qatynaidy-almaty-akimdigi-okilderi-astana-chelsi-matchyna-bailanysty-zhankuierlerge-undeu-zhasady/