"Реал Мадрид" ойыншылары "Мальорканы" жеңіп, Испания Суперкубогының финалына шықты. Олар кубок үшін "Барселонаға" қарсы ойнайды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Испания Суперкубогы Сауд Арабиясының Джидда қаласында өтіп жатыр. Екінші жартылай финалда "Реал Мадрид" командасы "Мальорканы" 3:0 есебімен жеңді.
Бірінші голды англиялық жартылай қорғаушы Джуд Беллингем (63-минут) салды. Кейін словакиялық қорғаушы Мартин Вальент өз қақпасына гол соғып алды (90+3). Ал үшінші голды бразилиялық шабуылшы Родриго (90+5) соқты.
Осы жеңіс арқылы мадридтіктер Испания Суперкубогының финалына шықты. Олар жартылай финалда "Атлетикті" 2:0 есебімен ұтқан "Барселонамен" кубок үшін таласады. Турнирдің финалы Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 13-іне қараған түні Джидда қаласында өтеді.
"Реал Мадрид" пен "Барселона" қатарынан үшінші рет Испания Суперкубогына таласқалы отыр. Өткен жылы мадридтіктер басым түсткен еді. Бұл турнирде "Реал" 13 рет, ал "Барселона" 14 рет жеңіске жеткен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2210156-real-madrid-pen-barselona-klubtary-ispaniia-superkubogynyng-finalynda-kezdesedi/