Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов команданың кейінгі матчтардағы сәтсіздігіне не себеп екенін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан құрамасы өткен жылы Станислав Черчесовтің жетекшілігімен Ұлттар лигасына қатысып, алты ойында бірде-бір рет жеңіске жетпеген еді. Осылайша ұлттық құрама С дивизионына түсіп қалды.
Станислав Черчесов "Нашар нәтижелерге не себеп деп ойлайсыз? Жаттығу немесе қаражат жетіспей ме? Әлде футболшылар әлсіз бе?" деген сұраққа жауап берді.
"Бізге Холланд, Арнаутович және тағы басқалары сияқты футболшылар жетіспейді. Кейбір клубтар мен құрамалар бұрыннан бізден мықтырақ. Біз қазір cолармен теңесіп, өз бағдарламамызды орындау үшін жұмыс істеп жатырмыз.
Осы Ұлттар лигасында бізде ешқандай жеңіл матч болған жоқ. Сондай-ақ бізде кішкентай қадам жасауға көмектесетін ұйымшылдық болмады. Біз жүйені қайта құрдық, төрт қорғаушымен ойнауға көштік. Бұл футболшыларға ұнайды. Шабуылға бір ойыншыны қостық, ол бізге қорғаныс пен шабуылда тең дәрежеде ойнауға мүмкіндік береді. Бұрыштан соққыларды көбірек орындап, допты көбірек ұстай бастадық. Мысалы, Словениямен ойында біз 100-ден астам пас артық жасап, допқа көбірек иелік еттік.
Ойыншылары бұрыннан мықты құрама мен бапкер әрдайым басымдыққа ие болады. Өйткені екі күн ішінде командалық ойынға немесе физикалық дайындыққа әсер ету мүмкін емес. Мықты ойыншылар – бастапқыдан бәсекеге толы ортада ойнайтындар. Испанияда, Италияда немесе Германияда ойнайтын ойыншы әрдайым сол деңгейде жаттығады. Ал біз бұл тұрғыда бастапқыдан артта қалып келеміз. Ең бастысы – бұл ниет пен мүмкіндік. Қазір ниет бар, бірақ мүмкіндіктер әзірге сәйкес келмей тұр", - деді Черчесов.
Еске салайық, Станислав Черчесов ұлттық құраманың ойынын сынайтындарға жауап берген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2210265-holland-siiaqty-futbolshylar-zhetispeidi-stanislav-cherchesov-ulttyq-quramanyng-natizheleri-turaly-aitty/