Спорт

Зектілері

"Заңгеріме ақпарат бердім": Черчесов Қазақстан құрамасынан шығарылуына қатысты ойын айтты

Жарияланған күні:

Читать на русском
Станислав Черчесов
Станислав Черчесов. Фото: ҚФФ баспасөз қызметі

Станислав Черчесов "Спорт-Экспресс" басылымына берген сұқбатында футболдан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері қызметінен кетуге қатысты ойын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Қазақстан футбол федерациясы ресейлік маманның қызметінен кеткенін дүйсенбі күні хабарлады. Ресми мәлімдемеде келісімшарт тараптардың өзара келісімімен бұзылғаны айтылған.

"Қаңтар айының басында мен Астанада Қазақстан футбол федерациясының жаңа президенті Марат Омаровпен кездесіп, сөйлестім. Ол кезде біз жұмыс мәселелерін талқыладық, мен алдағы наурызда өтетін 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу матчтарына дайындықтың нақты жоспарын белгіледім, жұмысқа деген көзқарасымды, қалай және қайда бет алғанымызды түсіндірдім.

Бүгін таңертең Мәскеуде ҚФФ Бас хатшысы Саян Хамитжановпен кездестім, оны бұрыннан танимын – мен оған тағы да өз көзқарасымды айттым. Ол федерация президентімен байланысқа шықты - функционерлер бұл жағдайда оларға басқа жаттықтырушы керек деп шешті, бірақ мен нюанстарын білмеймін. Ақпаратты заңгеріме бердім, ол келісімшартты бұзумен айналысып жатыр - менің де, көмекшілерімнің де", - деді Черчесов.

Бұған дейін ҚФФ Қазақстан құрамасынан бапкерлер құрамы түгелдей кететінін растаған болатын. Қазір жаңа бапкердің кандидатурасы қарастырылып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2215583-zanggerime-aqparat-berdim-cherchesov-qazaqstan-quramasynan-shygaryluyna-qatysty-oiyn-aitty/