300 000 мыңға билеттер, жалаулар мен ұрандар: "Қайрат" - "Реал" матчы алдында стадионда не болып жатыр (фото, видео)
Опубликовано:
Читать на русском
Матчтың басталуына бірнеше сағат барына қарамастан, алматылықтар мен қала қонақтары Орталық стадион маңына жиналды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Барлық жастағы жанкүйерлер ұрандар мен футбол әндерін қайталап, Қазақстан әнұранын шырқап, алматылық команданы белсенді түрде қолдауға дайындалып жатыр.
Кәсіпкерлер жанкүйерлерді қажетті заттармен толықтай қамтамасыз етуге тырысқан – стадион маңында шарфтар, жалаушаларды, футболкалар, телефон қаптары және "Қайраттың" белгісі бар басқа да керек-жарақтар сатылып жатыр. "Қайраттың" кішкентай жалауларын 500 теңгеге сатып алуға болады, ал үлкендері 1000 теңге тұрады.
Футболка, шарф, жалау, жапсырғыш пен салпыншақтан құралған жиынтық 8000 теңге тұрады. Екі команданың аты жазылған қос шарфтар да бар. Бірақ алматылықтардың дені олардан бас тартып отыр. — "Әрине, "Қайрат", "Реалды" қайтеміз", — деді жас жігіт.
Команданың ресми дүкенінде үлкен кезек туындады.
Жанкүйерлер арасында ерекше көзге түскен кейіпкер — Бауыржан есімді азамат.
"Мен 1974 жылдың 10 маусымынан бері футболға және "Қайратқа" жанкүйермін. 50 жылдан астам уақыт бойы. Бұл "Қайрат" жанкүйерлері үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан жанкүйерлері үшін айтулы оқиға деп ойлаймын. Бізге "Реал Мадридтің" келетін күніне де жеттік", - дейді Бауыржан.
Ол өз болжамын ортаға салды.
"Алматылық команда енді ғана тәжірибе жинап жатыр, тіпті тең ойын да жақсы нәтиже болар еді. Ал егер отандық команда аз ғана есеппен ұтылып қалса, бұны да жеңіс деп санауға болады", - деді жанкүйер.
Сол арада билеттер стадион маңында әлі де сатылып жатыр – жастар журналисімізге әрқайсысы 300 мың теңгеден үш билет ұсынды.
Билет сатушылардан бөлек, керісінше, билет алғысы келетіндер де баршылық.
Кейуаналардың бірі шашу шашып жүр, шамасы, Қайраттың жеңісі үшін шашылған шашу болуы керек.
Артем досымен Өскеменнен келген. Олар "Қайратқа" бір-екі ай ғана қолдау көрсетіп келе жатқандарын мойындады — алматылық команда "керемет нәтиже" көрсете бастағаннан бері.
"Біз тек "Қайратқа" жанкүйер боламыз. Бірақ, әрине, "Реалды" көру қызықты болады. Менің ойымша, "Қайрат" барын салуға тырысады. Және олардың тең түсуге мүмкіндігі бар. Бірақ, менің ойымша, олар соңында шаршайды, ал "Реал Мадрид" бір-екі гол соғады. Есеп 0:2 болады. Шынымен де жеңіске жетуді қалаймыз, бірақ командалар деңгейі бөлек сияқты", - дейді жастар.
Стадион маңында "Реалдың" да жанкүйерлері жүр. Үш жігіт командаға қолдау білдіру үшін Египет пен Суданнан арнайы келген екен.
Сондай-ақ көптің арасында "Қайратқа" жанкүйер болып жүрген Қытай азаматтары да көзге түсті.
Бүгін, 30 қыркүйекте қазақстандық "Қайрат" УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі жеребесі аясында өз алаңындағы дебюттік ойынын өткізеді.
- "Мама, мен сауығып кетемін бе": сирек дертке шалдыққан тараздық бала көмекке зәру
- Алматыда өртеніп кеткен президент резиденциясы орнына саябақ қашан салынып бітеді
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/football/2292131-300-000-myngga-biletter-zhalaular-men-urandar-qairat-real-matchy-aldynda-stadionda-ne-bolyp-zhatyr-foto-video/