Англиялық футболшы Харри Кейн алғаш рет "Алтын доп" иегері атанды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Германияның "Бавария" клубы мен Англия құрамасының шабуылшысы Харри Кейн 2025/26 маусымының қорытындысы бойынша әлемнің үздік футболшысы атанып, "Алтын допты" иеленді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Салтанатты рәсім Лондонның "Палладиум" театрында өтті. Франциялық France Football журналы тағайындаған "Алтын доп" осымен 70-рет табысталды. Үміткерлерге дауыс беруге кәсіби журналистерден құралған арнайы қазылар алқасы қатысты.
"Алтын допты" 33 жастағы Кейнге осы жүлденің екі мәрте иегері, Бразилия құрамасы сапында екі дүркін әлем чемпионы атанған Роналдо табыстады. Англиялық футболшы мұндай марапатқа алғаш рет ие болды.
Өткен маусымда Кейн "Бавариямен" бірге Германия чемпионаты, Кубогы мен Суперкубогын ұтып алды. Ұлттық құрама сапында әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Жалпы өткен маусымда Кейн 65 матчта 73 гол соғып, сегіз нәтижелі пас берді.
Дауыс беру қорытындысы бойынша екінші орынды Франция құрамасы мен мадридтік "Реалдың" форварды Килиан Мбаппе иеленді. Үштікті Испания құрамасы мен "Барселонаның" шабуылшысы, әлемнің ең үздік жас футболшысы деп танылған Ламин Ямаль түйіндеді. Одан кейінгі орынға өткен маусымды "Манчестер Ситиде" өткізіп, кейін "Барселонаға" ауысқан Испания құрамасының жартылай қорғаушысы Родри жайғасты. Бесінші орынды Аргентина құрамасы мен "Интер Майамидің" форварды Лионель Месси алды.
Әйелдер арасында "Алтын доп" үшін таласта Алексия Путельяс жеңіске жетті, оған жүлдені Англияның бұрынғы футболшысы Майкл Оуэн табыстады. Испания құрамасының жартылай қорғаушысы өткен маусымды "Барселонада" өткізіп, кейін "Лондон Ситиге" ауысты. Бұған дейін ол "Алтын допты" 2021 және 2022 жылдары жеңіп алған болатын. Осылайша Путельяс осы марапаттың үш дүркін иегері атанған отандасы Айтана Бонматидің рекордын қайталады.
Харри Кейн сондай-ақ өткен маусымның үздік сұрмергені ретінде Герд Мюллер атындағы жүлдені алды. Шабуылшы Англия құрамасы мен германиялық "Бавария" (Мюнхен) сапында 65 матчта 73 гол соқты. Әйелдер арасындағы осындай марапатты өткен маусымда 49 кездесуде 49 гол соққан Мексика құрамасы мен "Пачуканың" шабуылшысы Шарлин Корраль иеленді.
Унаи Симон маусымның үздік қақпашысы ретінде алғаш рет Лев Яшин атындағы жүлдені алды. Өткен маусымда ол Испания құрамасы сапында әлем чемпионы атанды, ал клубтық деңгейде Бильбаоның "Атлетигі" сапында өнер көрсетті. Әйелдер арасында осындай марапатқа "Барселона" ойыншысы, испаниялық Ката Коль лайық деп танылды.
Маусым қорытындысы бойынша ең үздік бапкерлерге Йохан Кройф атындағы жүлде берілді. Ерлер футболында бұл марапатты Испания құрамасының бас бапкері Луис де ла Фуэнте иеленсе, әйелдер арасында "Барселонада" жұмыс істейтін оның отандасы Пере Ромеу алды.
Қайырымдылық қызметке қосқан үлесі, азаматтық және әлеуметтік жобаларға қатысқаны үшін берілетін Сократес атындағы жүлде тарихта бесінші рет табысталды. Бұл марапатты мұқтаж балаларға ауқымды көмек көрсетіп жүрген Лондонның "Арсеналы" мен Англия құрамасының шабуылшысы Букайо Сака иеленді.
Маусым қорытындысы бойынша ең үздік әйелдер футбол клубы болып испаниялық "Барселона", ал ерлер арасында франциялық "ПСЖ" (Париж) танылды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/football/2447891-angliialyq-futbolshy-harri-kein-algash-ret-altyn-dop-iegeri-atandy/