Құрлықтық хоккей лигасы "Барыс" командасының ойындарын кейінге шегерді. Қазақстанның хоккей клубында коронавирус жұқтырудың 12 жағдайы анықталды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sports.kz-ке сілтеме жасап.
Құрлықтық хоккей лигасы қазақстандық "Барыстың" алты ойыны кейінге шегерілгенін ресми түрде мәлім етті.
"Барыстың" қатысуымен ҚХЛ тұрақты чемпионатының алты матчы, атап айтқанда 18 қыркүйек – "Динамо Рига", 20 қыркүйек – "Северсталь", 22 қыркүйек – "Металлург", 21 қыркүйек – "Куньлунь", 29 қыркүйек – "Витязь" және 1 қазанда "Сочимен" өтуі тиіс болған ойындар кейінге шегерілді.
Команда құрамы мен жаттықтырушылар штабынан 12 адамның коронавирус инфекциясына тапсырған тест нәтижелері оң болуына байланысты команда толығымен екі апталық карантиннен өтуі тиіс.
"Құрлықтық хоккей лигасы матчтардың шегерілген күні мен уақыты туралы қосымша хабарлайды, лига әр нақты матчты кейінге шегеру бойынша клубтармен келіседі", – делінген хабарламада.
Еске сала кетейк, бұған дейін футболдан Франция чемпиондары "Пари Сен-Жерменнің" бірнеше танымал ойыншысынан COVID-19 инфекциясы анықталғаны белгілі болды.
Клубтың баспасөз қызметі хабарлағандай, коронавирус тестінің нәтижелері бойынша командада үш футболшыдан COVID-19 анықталған. Олардың барлығы алдағы бірнеше күнде тексеруден өтуін жалғастырады.
L'Equipe басылымының жазуынша, коронавирус жұқтырған үшінші адам - шабуылшы Неймар.
Сонымен қатар инфекция жартылай қорғаушылар Анхель Ди Мария мен Леандро Паредесте де расталған.
Сондай-ақ бұған дейін танымал италиялық журналист Николо Скира "Милан" футбол клубында өнер көрсететін үш ойыншының коронавирусқа тапсырған тест сынамалары оң нәтиже көрсеткенін мәлім етті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/hockey/1874855-barys-hokkej-klubynda-koronavirus-zktyrudy-12-zagdajy-anyktaldy/