Канада астанасы Оттавада шайбалы хоккейден жастар арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр. Қазақстан құрамасы топтық кезең аясында екі матч өткізіп, екеуінде де жеңіліп қалды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қазақстан құрамасы әлем чемпионатындағы алғашқы матчта Швецияға есе жіберді (8:1). Шведтер сапынан Виктор Энлунд, Давид Эдстрем, Линус Эрикссон, Феликс Нильссон, Оскар Вуолетт және Давид Гранберг шайба салды. Сондай-ақ Антон Вальберг дубль жасады. Қазақстан құрамасынан жалғыз голды Артур Гросс салды.
Ал топтық кезеңнің екінші турында Қазақстан хоккейшілері Чехияға қарсы матч өткізіп, 2:14 есебімен ойсырай жеңілді. Қарсыластардан Матей Машталирижски, Войтех Градец және Якуб Штанцль хет-трик авторы атанса, Петр Сикора, Якуб Дворжак, Адам Ехо, Адам Новотны және Войцех Чихар бір-бір шайбадан соқты. Ал Қазақстан құрамасынан Кирилл Ляпунов пен Александр Ким мергендік танытты.
Қазір Қазақстан құрамасы B тобының турнир кестесінде бес команданың ішінде 0 ұпаймен 4-орында тұр. Көш басына Чехия жайғасса (9 ұпай), екінші орында Швеция (9), үшінші орында Словакия (3) келеді. Ал соңғы орынға Швейцария жайғасқан (0).
Енді Қазақстан құрамасы келесі ойынын Словакияға қарсы өткізеді. Матч 30 желтоқсанда сағат 23:00-де басталады. Кейін ұлттық команда топтық кезеңнің соңғы турында Швейцариямен кездеседі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/hockey/2206617-hokkeiden-qazaqstan-quramasy-alem-chempionatynda-qalai-oner-korsetip-zhatyr/