Хоккейден Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері Сергей Старыгин команданың әлем чемпионатындағы жеңілісінен кейін пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Қазақстан хоккей федерациясының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
"Нәтиже көңіл көншітерліктей болмады, күткеніміздей ойын көрсетпедік. Дегенмен бірнеше жақсы матчты өткіздік. Соңғы үш ойынды ерекше атап өтуге болады. Бірақ қорытынды көңілден шықпады. Бұл туралы жан-жақты айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
Сондай-ақ тәжірибе жетіспеді. Мысалы, біздің жігіттердің көбісі МХЛ-де (Жастар хоккей лигасы) ойнайды, ал қарсылас команданың ойыншылары мүлде басқа деңгейде, тәжірибелері мол. Бұл да маңызды фактор. Олар үнемі Еуропада жоғары деңгейдегі матчтарда ойнайды. Командаларын жақсы ротациямен қамтамасыз етеді, АҚШ-та ойнайтын хоккейшілері де бар. Бізде тек бір турнир ғана бар және шетелден ойыншылар шақыру қаржылық тұрғыдан қиынға соғады. Жалпы, олардың дайындығы мықты", - деді Сергей Старыгин.
Естеріңізге сала кетейік, хоккейден Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатының элиталық дивизионында қалу үшін өткен Германияға қарсы ойында 3:4 есебімен жеңіліп қалды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының жалпы кестесінде соңғы, оныншы орынды иеленіп, элиталық дивизионнан шығып қалды. Ұлттық команда 2025 жылдың соңында IA дивизионында ойнайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/hockey/2207681-tazhiribe-zhetispedi-bas-bapker-qazaqstandyq-hokkeishilerding-alem-birinshiligindegi-zhengilisining-sebebin-tusindirdi/