Қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновқа UFC-дегі кезекті жекпе-жегінде бұрынғы бапкері Баян Жанғалов көмектеседі. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Шавкат Рахмонов UFC 310 турнирінде жекпе-жек өткізу үшін Лас-Вегасқа (АҚШ) ұшып барды. Ол 8 желтоқсанда ирландиялық файтер Иэн Гэрримен жұдырықтасады. Жеңіліп көрмеген қос спортшының бәсекесі 5 раундқа жоспарланған.
Dar Team командасының жетекшісі Бауыржан Уталиев Instagram-дағы Stories-ке Шавкат Рахмонов пен оның бұрынғы бапкері Баян Жанғаловтың бірге жаттығып жатқан фотосын жариялады. Баян Жанғалов UFC октагонында шәкіртіне қолдау көрсету үшін АҚШ-қа ұшып барған.
Жанғаловтың жетекшілігімен Рахмонов MMA-дан әуесқойлар арасында әлем чемпионы атанды, M-1 Global лигасында чемпион атағын жеңіп алды және UFC-де өнер көрсете бастады. Биыл жазда Шавкат бапкеріне жаңа көлік сыйлаған еді.
Еске салайық, UFC промоушені Шавкат Рахмонов пен ирландиялық Иэн Гэрри арасындағы жекпе-жекке арналған фильм жариялаған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2194943-shavkat-rahmonovqa-aldagy-zhekpe-zheginde-buryngy-bapkeri-komektesetin-boldy/