Спорт

Зектілері

Жалғас Жұмағұлов алғаш рет кәсіпқой бокста жекпе-жек өткізеді

Жарияланған күні:

Жалғас Жұмағұлов
Жалғас Жұмағұлов. Фото: instagram.com/zhumagulov_zhalgas

UFC-де өнер көрсеткен қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Жалғас Жұмағұлов кәсіпқой бокста дебют жасайды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Fight Nights Boxing промоутерлік компаниясының Instagram-дағы парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жалғас Жұмағұлов 20 желтоқсанда Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтетін Fight Nigths турнирінде кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуін өткізеді. Оның қарсыласы норвегиялық Раванд Оуба болады.

Сондай-ақ бұл турнирде тағы бір қазақстандық файтер Дамир Исмағұлов та кәсіпқой бокс ережесі бойынша алғаш рет жұдырықтасады. Ол бразилиялық Фелип Майамен қолғап түйістіреді.

Fight Nigths турнирінің басты жекпе-жегі колумбиялық Марлон Агуас пен қазақстандық Дәулет Даукенов арасында болады. Сонымен бірге аргентиналық Эмилиано Пучета мен тағы бір қазақстандық боксшы Сапарбай Айдаровта өзара мықтыны анықтайды.

Айта кетейік, Жалғас Жұмағұлов биыл қарашада еуропалық OKTAGON лигасындағы дебютінде Уэльс спортшысы Аарон Эйбиден басым түскен еді. Осылайша аралас жекпе-жектегі кәсіби мансабында 17-рет жеңіске жетті. Қазақстандық спортшы UFC промоушенінде 2020-2023 жыл аралығында өнер көрсеткен еді. Осы аралықта ол 1 рет жеңіске жетсе, 6 мәрте жеңіліс тапты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2197208-zhalgas-zhumagulov-algash-ret-kasipqoi-boksta-zhekpe-zhek-otkizedi/