Top.Mail.Ru
Спорт

Зектілері

Асу Алмабаевтың UFC-дегі келесі қарсыласы туралы не білеміз

Жарияланған күні:

Стив Эрцег
Стив Эрцег. Фото: Alexandre Loureiro/Zuffa LLC via Getty Images

Қазақстандық ММА жауынгер Асу Алмабаев келесі кездесуін аустралиялық файтер Стив Эрцегке қарсы өткізеді. "Спорт Шредингер" сайты Асу Алмабаевтың қарсыласы туралы шағын шолу жасап, аустралиялық файтердің мықты тұстарын жазды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Асу Алмабаев пен Стив Эрцег арасындағы жекпе-жек 2 наурызда таңертең UFC Vegas 103 (UFC Fight Night 253) турнирі аясында АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтеді. UFC рейтингінде Асу Алмабаев қарсыласы Стив Эрцегтен жоғары тұр: қазақстандық жауынгер 8-орында болса, ал аустралиялық файтер 9-орынға жайғасқан.

Аустралиялық спортшының толық аты-жөні – Стивен Винченцо Эрцег. Ол 1995 жылдың 27 шілдесінде Аустралияның Перт қаласында дүниеге келген.

Стив аралас жекпе-жекпен 2008 жылы небәрі 13 жасында айналыса бастады. Бұл спортқа деген қызығушылығы UFC 81 турнирінде Фрэнк Мир мен Брок Леснар арасындағы алғашқы жекпе-жекті көргеннен кейін туындаған. Сол кезде Фрэнк Мир қарсыласын бірінші раундта тұншықтыру әдісімен жеңген еді. Міне, осы бір қызығушылықтан кейін Стив Эрцег Перт қаласындағы Wilkes MMA залында жаттығып бастады.

2014 жылы Стив Эрцег өзінің алғашқы әуесқой жекпе-жегін өткізіп, жеңіске жетті. Соңғы 4 әуесқой жекпе-жегін Эрцег 2019 жылы GAMMA әлем чемпионатында өткізді. Әлем чемпионатының финалында Стив Эрцег украиналық Денис Бондарьға есе жіберді. Кейін Бондарь 2022 жылы UFC-ге өтеді, бірақ қатарынан 3 рет жеңілгеннен кейін ұйымнан шығарылады.

Кәсіби мансабы

Стив Эрцегтің кәсіби мансабындағы дебютін 2016 жылы өткізіп, жеңіске жетті. Бір жылдан кейін Аустралияның жетекші лигаларының бірі – HEX-пен келісімшартқа отырды. Аталмыш лигада сәтті өнер көрсеткеннен кейін тағы бір аустралиялық Eternal MMA лигасына ауысты. Дәл осы лига арқылы Стив Эрцегке UFC-ге жол ашылды.

Eternal ММА промоушенінде Стив Эрцег бір жыл ішінде қатарынан 3 рет жеңіске жетіп, чемпиондық жекпе-жекке дейін жетті. Оның қарсыласы дивизион чемпионы және болашақ UFC спортшысы Шэннон Росс (13-9, 0-3 UFC) болды. Стив бұл жекпе-жекте айқын басымдық көрсетіп, қарсыласын бірінші раундта тұншықтыру әдісімен жеңді. Сондай-ақ Стив Эрцег бұл лигада тағы 3 жекпе-жек өткізіп, 1 рет чемпиондық белбеуін сәтті қорғап, UFC-мен келісімшартқа отырды.

UFC-дегі алғашқы жекпе-жектері

2023 жылдың маусымында өткен UFC 289 турнирінде Стив Эрцег аталмыш промоушендегі алғашқы жекпе-жегін өткізді. Ол бірден рейтингтің 15-орнында тұрған қарсыласы – чехиялық Давид Дворакпен (20-6, 3-3 UFC) кездесті. Стив бұл жекпе-жекте төрешілердің бірыңғай шешімімен жеңіске жетті. Айта кететін жайт – бұл кездесу "Кештің үздік жекпе-жегі" деп танылып, аустралиялық файтерге қосымша бонус табысталды.

Сол жылдың қараша айында UFC 295 турнирінде Стив Эрцег бразилиялық Алешандре Костаны (14-4, 2-2 UFC) төрешілердің бірыңғай шешімімен жеңді. Ал 2024 жылдың наурызында Стив Эрцег рейтингтің 10-орнында тұрған Мэтт Шнеллді (16-9, 6-7) сұлатып түсірді. Бұл жеңісі үшін Эрцег екінші бонусын алып, өзі де UFC рейтингінің 10-орнына көтерілді.

Осы бір керемет жекпе-жектерден кейін Стив Эрцегке UFC 303 турнирінің басты оқиғасында чемпион Алекандр Пантожаға қарсы титулдық жекпе-жек өткізуге мүмкіндік берілді. Стив Эрцег чемпион Александр Пантожаға қарсы бәсекеге толы жекпе-жек өткізді. Нәтижесінде ол төрешілердің шешімімен жеңіліс тапты.

Ал 17 тамызда Стив Эрцег UFC-де алғаш рет мерзімінен бұрын жеңіліп қалды. Аустралияда өткен UFC 305 турнирінде оны жаңазеландиялық Кай Кара-Франс бірінші раундтың соңында нокаутқа түсірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2208234-asu-almabaevtyng-ufc-degi-kelesi-qarsylasy-turaly-ne-bilemiz/