
Қазақстандық Саят Абдрахманов соңғы жылдары ММА әлеміндегі ең беделді және танымал менеджерлердің бірі ретінде танылды. Ол Шавкат Рахмонов, Петр Ян, Рафаэль Физиев және басқа да UFC жұлдыздарының мансабын дамытуда үлкен рөл атқарып келеді, деп KAZ.NUR.KZ "Спорт Шредингер" сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Саят – этникалық қазақ, Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында дүниеге келген. Әкесі Саятты 16 жасында Қытайға оқуға жібереді. Алғашқы екі жылда ол қытай тілін меңгеріп, кейіннен Бейжің халықаралық экономика және бизнес университетінде "Халықаралық сауда және бизнес" мамандығы бойынша бакалавр және магистратураны аяқтайды.
Қытайда оқып жүріп, Саят Абдрахманов жекпе-жек өнеріне қызығушылық танытады. Алғашында бразилиялық джиу-джитсумен айналысып, кейіннен аралас жекпе-жекке ауысады. Бұл қызығушылық университеттегі бір ирландиялық студентпен кездесуінен басталған.
"Біз жатақханада спортпен айналысуды ойлап жүрдік. Сол кезде бір ирландиялық студентпен танысып, оның бразилиялық джиу-джитсумен айналысатынын естіп, қызығып кеттім", - деп еске алады Саят.
Оқуын тәмамдаған соң, Саят Қытайдағы мұнай компаниясында жұмыс істейді. Алайда Таиландтағы демалысы кезінде ол "Phuket Beach BJJ Open" турниріне қатысып, жеңіске жетеді. Бұл жеңіс оның өміріндегі бетбұрысқа толы сәттердің бірі болды. Финалда Tiger Muay Thai залынан келген америкалық жаттықтырушыны жеңіп, Саят жекпе-жек әлеміне жол ашады.
Саят Tiger Muay Thai залында жұмыс істей жүріп, Қытай мен ТМД елдерінен келген спортшыларды біріктіріп, оларды жарыстарға дайындаумен айналысады. Ол менеджер ретінде қызмет ете жүріп, спорттық тәжірибесіне сүйенеді. 2012 жылы ол Бейжіңдегі әуесқой турнирде жеңіске жетіп, кештің жойқын жекпе-жегі аталымы бойынша үздік атанды.
Саят Абдрахмановтың айтуынша, ол бірден UFC-ге келе қойған жоқ. Алдымен ол жергілікті турнирлерден бастап, Қытайдың түрлі провинцияларына спортшыларды жарысқа апарумен айналысты.
Айта кету керек, мұнай саласынан спорт менеджментіне ауысуы туралы шешімі жақындары тарапынан қолдау таппаған. Дегенмен Саят өз таңдауынан бас тартқан жоқ. Ол соңғы алты жыл бойы отбасымен бірге Таиландта тұрып келеді. Саят өзінің жары Аидамен Қытайда оқып жүрген кезде танысқан.
Tiger Muay Thai залында жаттығып жүріп, Саят ТМД елдерінен шыққан талантты спортшылармен танысты. Таиландтағы бұл залға кезінде жас әрі болашағынан үміт күттіретін Петр Ян, Зубайра Тухугов, Рафаэль Физиев, Арман Царукян және басқа да спортшылар келген. Tiger Muay Thai-да жиі іріктеу жекпе-жектері өткізіліп тұрады, ал жеңімпаз залмен келісімшартқа отырып, тегін жаттығу және жекпе-жектерге дайындалу мүмкіндігіне ие болады.
Қазақстандық спортшылар арасынан Али Қабдулла іріктеуде жеңіске жетіп, залмен келісімшартқа қол жеткізумен қатар, азиялық ONE FC промоушенінен 100 000 АҚШ доллары көлеміндегі келісімшартты да жеңіп алды.
Саят менеджер ретінде өзінің дебютін 2014 жылы 23 тамызда Макаода өткен UFC турнирінде жасады. Сол күні қытайлық "The Ultimate Fighter" реалити-шоуының финалында үздік атанған Янь Цзиньпинь жекпе-жекке шықты. Ол Tiger Muay Thai залында жаттығып жүріп, Саяттан секундант болуын сұраған. Ең қызығы, Янь Цзиньпинь бұл жекпе-жекте жеңіліп қалды, бірақ кейін Саят оның қарсыласы Нин Гуаньюдың менеджері болды.
Бүгінде Саят Абдрахманов беделді америкалық менеджер Дэниел Рубинштейнмен бірге Ruby Sports & Entertainment агенттігінің аясында жұмыс істейді. Рубинштейн танымал ұйымдастырушылармен және UFC басшылығымен келіссөздерді жүргізсе, Саят спортшылармен жұмыс істейді. Танымал менеджер Али Абдельазиздің Dominance MMA компаниясымен және First Round Management агенттігімен бірге Саят UFC менеджменті нарығындағы ең ықпалды үштікті құрайды.
Саяттың UFC-дегі алғашқы қазақстандық спортшысы Дамир Исмағұлов болды. M-1 Global чемпионы Дамир Исмағұлов Саят Абдрахмановтың компаниясымен келісімшартқа отырып, екі айдың ішінде UFC-дің толыққанды спортшысына айналды.
Одан кейін Саят Абдрахманов қазақстандық жауынгер Шавкат Рахмоновпен бірге жұмыс істей бастады. Қазіргі таңда Шавкат жартылай орта салмақтағы титулдың басты үміткері болып саналады. Сонымен қатар Саяттың арқасында Жалғас Жұмағұлов, Сергей Морозов және басқа да қазақстандық спортшылар UFC промоушеніне келді.
Саятты тамаша аналитик деп атауға болады. Оның жетекшілігіндегі спортшылардың көбі өз салмақ дәрежелерінде мықты спортшылар қатарында. Бұл тұрғыда Петр Янмен серіктестігін ерекше екпінмен айтуға болады. Саяттың көмегімен Петр Ян ACB промоушенінен бастап әлемдегі ең үздік лига – UFC-ге дейін жетті. 2020 жылдың 12 шілдесінде Петр Ян Жозе Альдоны бесінші раундта нокаутқа түсіріп, жеңіл салмақта чемпиондық белбеуді иеленді.
Саят Абдрахмановтың табандылығы мен кәсібилігі Қазақстанның ММА әлеміндегі беделін арттырып, жаңа жұлдыздарды тәрбиелеуге ықпал етіп келеді. Ал алдағы жексенбі, 19 қаңтарда файтер Арман Царукян белгілі жауынгер Ислам Махачевті жеңсе, Саяттың жетекшілігіндегі екінші чемпион атануы мүмкін.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2210990-aqtauda-tuyp-osken-qazaq-balasy-qalaisha-ufc-ding-beldi-menedzherlerining-birine-ainaldy/