Спорт

Зектілері

"Оның жеңісі біз үшін алтынға бергісіз": Ербол Қарашөкеев Паралимпиада жүлдегерінің ата-анасына құрмет көрсетті

Жарияланған күні:

Ербол Қарашөкеев Нұрдәулет Жұмағалидің ата-анасына құрмет көрсетті
Ербол Қарашөкеев Нұрдәулет Жұмағалидің ата-анасына құрмет көрсетті. Фото: gov.kz

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жүзуден XVII жазғы Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрдәулет Жұмағалидің шаңырағына барып, ата-анасына құрмет көрсетті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Жамбыл облысы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ербол Қарашөкеев жүзу шеберін тәрбиелеп, қолдау көрсеткен ата-анасы мен жақындарына жамбылдықтардың атынан алғыс білдіріп, ризашылығын жеткізді.

"Нұрдәулет Азия рекордын жаңартып, ел қоржынына күміс жүлде сыйлады. Ол қазақстандықтардың мерейін асырып, жанкүйерлерінің сенімін ақтады. Әсіресе, Жамбыл жұртының абыройын асқақтатты. Оның жеңісі біз үшін алтынға бергісіз! Спортшымыз бойындағы күшті ерік-жігерін, табандылығын таныта отырып, нағыз ер азамат екендігін дәлелдеді. Ол Паралимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері атанып, айтулы жетістікке жетіп отыр.

Бауырымыз бұйырса 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарында алтыннан алқа тағатынына сеніміміз зор!", - деп облыс әкімі Нұрдәулет Жұмағалидің ата-анасын марапаттады.

Ал спортшының ата-анасы мемлекет, облыс басшылығына көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді.

Еске салайық, Нұрдәулет Жұмағали Париж Паралимпиадасының финалында SB13 санатында 100 метрге брасс әдісімен жүзуден сынға түсіп, күміс жүлде еншілеген еді. Сондай-ақ ол Паралимпиада рекордын орнатты.

Нұрдәулет Токио-2020 Паралимпиадасында қола жүлде жеңіп алған болатын. Сонымен бірге соңғы Азиадада жеңіске жетіп, екі рет әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/olympiad/2158932-onyng-zhengisi-biz-ushin-altynga-bergisiz-erbol-qarashokeev-paralimpiada-zhuldegerining-ata-anasyna-qurmet-korsetti/