Спорт

Зектілері

"Скакалкамен тартып жіберетінмін": Демеу Жадыраевтың бапкері шәкіртінің мінезі туралы айтты

Жарияланған күні:

Боранбек Қоңыратов пен Демеу Жадыраев
Боранбек Қоңыратов пен Демеу Жадыраев. Фото: olympic.kz

Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраевтың жеке бапкері Боранбек Қоңыратов журналист Ақырыс Сейтқазының Youtube-тағы арнасына берген сұқбатында шәкіртінің мінезі туралы айтып берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Париж Олимпиадасына бара алмаған Боранбек Қоңыратов шәкіртіне телефон арқылы қоңырау шалып, ақыл-кеңес беріп отырған. Жадыраевты талай жылдан бері жаттықтырып жүрген бапкер оның мінезі алғашында қиындық тудырғанын жасырмады.

"Демеумен жұмыс істеп келе жатқаныма 17-18 жылдай болды ғой. Қазір оны жақсы түсініп алдым, бұрын түсінбейтінмін. Ол жас күнінде қолынан келетін дүние шықпай қалғанда немесе ұрысып айтқанда, "иә" дейді де, істегені басқа болатын. Сосын скакалкамен тартып жіберіп, тағы айтамын. Сөйтсем, ол одан сайын қатып қалады екен. Жанында адам тұрғанын көрмей қалады. Сондай мінезі бар. Бұл маған қиындық тудырды. Сосын жан-жақты түсіндіріп, бетін бері қараттық", - деді Боранбек Қоңыратов. 

Сондай-ақ бапкер Демеу Жадыраевқа қарағанда тағы бір шәкірті Алмат Кебіспаевпен жұмыс істеу оңайырақ болғанын айтты.

"Өйткені Алмат менің не ойлап тұрғанымды түсінетін. Ал Демеудің сол тұсы қиындау болды. Бірақ қазір жақсы. Бас кезінде қанша ұрысып, бір-бірімізден теріс айналып, бірақ түбінде қайта бірігетінбіз. Мен де кейде қатты кетіп қалатынмын. Уақыт өте келе Демеудің мінезінің кілтін таптым ғой", - деді Қоңыратов.

Еске салайық, Демеу Жадыраев Париж Олимпиадасында грек-рим күресінен 77 кг салмақ дәрежесінде күміс жүлде жеңіп алған еді. Ол финалда Нао Кусакаға есе жіберді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/olympiad/2196663-skakalkamen-tartyp-zhiberetinmin-demeu-zhadyraevtyng-bapkeri-shakirtining-minezi-turaly-aitty/