
Халықаралық Олимпиада комитетінің Атқарушы комитеті Лос-Анджелесте өтетін 2028 жылғы Олимпиада ойындарының жарыс бағдарламасы мен спортшыларға арналған жолдама санын бекітті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҰОК-тің ресми сайтына сілтеме жасап.
Басылымның хабарлауынша, алдағы Олимпиада жүлделер саны бойынша ең ауқымды ойындарға айналады. Барлығын қоса алғанда 351 дисциплина бойынша жүлделер сарапқа салынады. Бұл 2024 жылғы Париждегі Олимпиадамен салыстырғанда 22 жүлдеге артық.
Аталған ақпаратқа сәйкес, негізгі жолдама саны сақталады. Сонымен қатар 2028 жылғы Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитетінің ұсынысымен және ХОК-нің мақұлдауымен енгізілген бес жаңа спорт түріне 698 қосымша орын бөлінді. Бұл спорт түрлері: бейсбол/софтбол, крикет, флаг-футбол, лакросс және сквош.
Олимпиада-2028 бағдарламасын қалыптастыру кезінде халықаралық федерациялардың өтінімдері мен 2023 жылы ХОК бекіткен қағидалар негізінде Комиссияның ұсыныстары ескерілді. Бұл қағидалар қатарына гендерлік теңдік, көрермен үшін тартымдылық, шығындарды бақылау және спортшылардың жеке мүддесіне басымдық беру жатады.
Көптеген халықаралық федерация өз бағдарламаларына өзгерістер енгізуді, жаңа дисциплиналарды қосуды және қосымша жолдамаларды бөлуді ұсынды. Алайда, ХОК-нің түпкілікті шешімі Олимпиадаға қатысушылардың жалпы санын сақтап қалуға мүмкіндік берді, сонымен қатар медальдар санының артуын және әйелдердің қатысу деңгейінің күшеюін қамтамасыз етті.
Олимпиада тарихында алғаш рет командалық спорт түрлерінде әйелдер командаларының саны ерлермен тең немесе одан көп болады. Су добында әйелдер арасындағы турнир 12 командаға дейін кеңейтіледі, бұл ерлер турнирімен тең болады. Ал әйелдер арасындағы футбол турниріне алғаш рет 16 құрама қатысады – бұл ерлер арасындағы қатысушылардан төрт командаға көп.
Жеке спорт түрлерінде де гендерлік теңдік айқын көрінеді. Боксқа тағы бір әйелдер арасында салмақ дәрежесі қосылды. Бұл ерлер мен әйелдер арасындағы медальдық дисциплиналар мен жолдамалар санын теңестірді. Қазіргі таңда медальдар төмендегі салмақ дәрежелерінде сарапқа салынады:
- Ерлер: 55 келіге дейін, 60 келі, 65 келі, 70 келі, 80 келі, 90 келі және 90 келіден жоғары;
- Әйелдер: 51 келіге дейін, 54 келі, 57 келі, 60 келі, 65 келі, 70 келі және 75 келі.
Сонымен қатар Олимпиада бағдарламасына алты жаңа аралас командалық дисциплина енгізілді: жеңіл атлетикада (4×100 метрлік эстафета), нысана көздеуде, үстел теннисінде, гольфта, гимнастикада және жағалауда есу жарысында.
2028 жылғы Олимпиада бағдарламасына енгізілген қосымша өзгерістер:
- Жүзу: ерлер мен әйелдер үшін баттерфляй, шалқалап және брасс әдістерінде 50 метрлік спринтерлік жаңа қашықтықтар;
- Жағалаудағы есу: ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сындар мен аралас екілік қайықтардың қосылуы;
- Спорттық құзға өрмелеу: боулдеринг және қиындық деңгейі, енді жеке дисциплина ретінде медаль үшін жарысатын болады;
- 3×3 баскетбол: ерлер мен әйелдер үшін қатысушылар саны 12 командаға дейін кеңейтіледі (Токиода 8 командадан болған).
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындары дәстүрді сақтай отырып, әділетті, заманауи және шабыттандыратын Олимпиада бағдарламасына жол ашады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/olympiad/2234964-2028-zhylgy-olimpiada-oiyndarynyng-zharys-bagdarlamasy-men-sportshylarga-arnalgan-zholdama-sany-bekitildi/