jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    "Медалімді бүкіл Қазақстанға арнаймын": Шайдоров Олимпиадада жеңіске жеткеннен кейінгі алғашқы үндеуін жасады

    Михаил Шайдоров
    Михаил Шайдоров. Фото: Сали Сабиров / Ұлттық олимпиадалық комитет

    2026 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоров қазақстандық жанкүйерлерге үндеу жасады, деп хабарлайды марапаттау рәсімінде жүрген NUR.KZ тілшісі.

    21 жастағы спортшы Қазақстан құрамасына қысқы Олимпиада ойындарының тарихтағы екінші алтын медалін әкелді. Алғашқы алтынды 1994 жылы шаңғышы Владимир Смирнов еншілеген еді.

    Марапаттау рәсімінен кейін Шайдоров қазақстандық журналистермен әңгімелесті, олардың арасында NUR.KZ тілшісі де бар.

    "Шынымды айтсам, сене алмадым. Бүкіл маусым бойы өзіммен күресіп келдім. Бүкіл маусым мен үшін өте қиын болды. Жарыста үш рет [еркін бағдарламадан] бес мәрте төрттік секіру жасауға тырыстым, бірақ бірде бір рет қолымнан келмеді. Десе де бүгін алшым оңынан түсті, қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Осы Олимпиада ойындарына бес жыл дайындалдым. Барлық маусымда мен тек Олимпиада ойындарында нәтиже көрсетуді қаладым — бүгін қолымнан келді. Мен бұл медальді бүкіл Қазақстанға арнағым келеді!

    Өзге спортшыларға барынша жанкүйер болдым, себебі Олимпиада ойындары жүйкеге үлкен салмақ түсіреді. Мен мұны бүгін еңсере алдым, бірақ көбінің қолынан келмеген болар. Нәтижелер жарияланған кезде бірден түсіне қоймадым", - деді Шайдоров.

    Мәнерлеп сырғанаушы Милан аренасындағы қолдаудың ерекше болғанын да айтып өтті. Алаңда Қазақстаннан келген көптеген жанкүйер мен мемлекеттік тулар оған демеу болған.

    "Қолдау керемет болды. Әлеуметтік желілерге кіру мүмкін емес еді, себебі бәрі тек мен туралы болды. Бұл керемет қолдау болды, әсіресе трибунада. Кинодағыдай болды. Не болып жатқанын әлі түсінбеймін, бірақ мен өте, өте бақыттымын. Рақмет, көріп отырған, трибунада отырған, пікір қалдырған және әлеуметтік желілерде жазба қалдырған баршаңызға үлкен рахмет! Мен бәрін оқитын шығармын. Бүгін түнде ұйықтай аламын ба? Әй, қайдам (күледі)", - деді Шайдоров.

    Сөз соңында Олимпиада чемпионы 2026 жылғы ойындарда жарысқа түсетін басқа да қазақстандық спортшыларға үндеу жасады. Ол спортшыларымыздың жарыстарын тамашалауды жоспарлап отыр.

    "Олимпиада ойындарында әлі де жарысқа түсетін барлық спортшыға сәттілік тілеймін. Ертең мен оларға жанкүйер боламын – конькимен сырғанау, шорт-трек, могул... Мен барлық жерде болып, спортшыларымызға жанкүйер болуға тырысамын", - деді Шайдоров.

    Мәнерлеп сырғанаушының алтын медалінен кейін Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарының медальдар саны бойынша жалпы есебінде алғашқы 15 елдің қатарына енді.

    "Медалімді бүкіл Қазақстанға арнаймын": Шайдоров Олимпиадада жеңіске жеткеннен кейінгі алғашқы үндеуін жасады

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.