"Денисімізді жоқтатпай, борышыңды өтедің": Димаш Михаил Шайдоровқа көлік сыйлайтын болды
Опубликовано:
Әнші Димаш Құдайберген Қазақстан құрамасына қысқы Олимпиада ойындарының тарихтағы екінші алтын медалін әкелген Михаил Шайдоровқа көлік тарту етпек, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Әнші бұл жөнінде өз желі парақшасында бейнежазба жариялап, Михаилге сәлемдеме жолдады.
"Мишабай, бауырым! Олимпиаданың алтыны құтты болсын, құрметті ағайын! Не деген мереке, не деген той? Мұз үстіндегі қимылың, өнерің сені бүгін тек чемпион ғана емес, дүйім жұртқа үміт пен рух, шабыт сыйлаған үлкен азаматымызға айналдырды. Еліміздің саңлағы, менің досым, өзіңнің ағаң, халқымыздың, өкінішке қарай, маңдайына сыймай кеткен асыл перзенті Денисімізді жоқтатпай, ағаңның алдындағы, еліміздің, халқыңның алдындағы борышыңды жоғары деңгейде өтедің", - дейді Димаш Құдайберген.
Әнші Михаилге алғыс білдіріп, оған темір тұлпар сыйлайтынын айтты.
"Болашақта мұз үстіндегі жолың жарқын, шабытқа толы болсын. Өнеріңмен әлемді бағындырып, жаңа белестерге жете бер, бауырым. Олимпиадаға менің орындауымдағы әнді таңдап, мені де бір марқайтып, қуантып қойдың. Көптен көп рақмет. Осы орайда саған өз атымнан, аз да болса, көптей көр, темір тұлпар сыйлаймын. Екеуіміз де елге жетіп алайық, бұйырса. Машина менің мойнымда, жеңіс құтты болсын, ағайын! Миша, алға!", - деп сөзін аяқтады Димаш.
Еске салсақ, 21 жастағы спортшы Қазақстан құрамасына қысқы Олимпиада ойындарының тарихтағы екінші алтын медалін әкелді. Алғашқы алтынды 1994 жылы шаңғышы Владимир Смирнов еншілеген еді.
Осылайша ел тарихында алғаш рет қысқы Олимпиада ойындарында бір спорт түрінен екі жүлде бұйырды. Бұған дейін мәнерлеп сырғанаудан 2014 жылы Сочи Олимпиадасының Денис Тен қола жүлде алған болатын.
Марапаттау рәсімінен кейін Шайдоров қазақстандық журналистермен әңгімелесті, олардың арасында NUR.KZ тілшісі де бар. Мәнерлеп сырғанаушы Милан аренасындағы қолдаудың ерекше болғанын айтып өтті.
Михаил Шайдоров Олимпиада алтыны үшін миллиондаған доллар сыйақы алады.
Мәнерлеп сырғанаушының алтын медалінен кейін Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарының медальдар саны бойынша жалпы есебінде алғашқы 15 елдің қатарына енді.
- Олимпиада-2026: Қазақстан спортшыларының 15 ақпанда жарысқа шығу кестесі
- Головкин Шайдоровтың тарихи жеңісі туралы мәлімдеме жасады
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/showbiz/personal-life/2343750-denisimizdi-zhoqtatpai-boryshyngdy-oteding-dimash-mihail-shaidorovqa-kolik-syilaityn-boldy/