jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    Михаил Шайдоровтың қасында жүрген маман: Жаттығуға, бапкерлеріне, киіміне мемлекеттен ақша бөлінді

    Михаил Шайдоров
    Михаил Шайдоров. Фото: Andy Cheung/Getty Images

    Олимпиада ойындарында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың қасында жүрген массаж жасаушы маман Жанарай Таужанова спорт журналисі Ақырыс Сейтқазыға сұхбат беріп, спортшының жарысқа қалай дайындалғаны туралы сөз қозғады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

    Спорт журналисі Ақырыс Сейтқазы Жанарай Таужановадан алған сұхбатын өз Facebook парақшасында жариялаған.

    "Миландағы Мишаның бапкерлік құрамымен тілдесу мүмкін болмай жатыр. Чемпиондықтан соң спортшының өзі де, бапкерлері де өз-өздеріне келе алмай жатқанға ұқсайды. Әзірге спортшының жеке массаж жасаушысымен сөйлестім.

    Тікелей көрсетілімде Шайдоровтың қасында Урмановтан бөлек, екі әйел адам жүрді. Оның бірі – мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құраманың бас бапкері Әсем Қасанова, екіншісі – Мишаның жеке массаж жасаушысы Жанарай Таужанова", - деп сұхбаты жөнінде жазды Ақырыс Сейтқазы .

    Жанарай Таужанова тарихи сәттің куәсі болу – үлкен бақыт екенін жасырмады.

    "Қазір өң мен түсімізді ажырата алмай жатырмыз. Толассыз құттықтаулар кеп жатыр. Осындағы барлық шетелдік бапкер мен спортшы құшақтарына қысып, ақжарма тілегін айтуда. Атақты Илья Малининнің бапкерлері де қолымыздан алып, құттықтап кетті. Біздің спорт саласындағы басшылар түгел осында. Бәріміз 32 жыл күткен алтын жүлденің буымен жүрміз. Ал президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтап, "Барыс" орденіне лайық деп тапқанда, Мишадан бастап, бәріміздің көзімізге жас келді. Кіп-кішкентай Мишамызды елеп-ескеріп жатқан мемлекет басшысына рахмет. Мұндай тарихи сәттің куәсі болу – үлкен бақыт", - дейді Жанарай Таужанова.

    Ол соңғы бір жылда тек қана Шайдоровпен жұмыс істеп келеді екен.

    "Мен спорттық, емдік массаж маманымын. Ұзақ жылдан бері осы саладамын. Осы олимпиадалық цикл орталаған тұста мені Шайдоровтың жеке массаж жасаушысы етіп тағайындап, қалған жүктемелердің бәрін алып тастады. Өйткені спортшы үшін емдік массаждың рөлі өте жоғары. Ал мәнерлеп сырғануда жарақат қаупі жоғары болғандықтан, спортшыны дер кезінде бақылу маңызды. Соңғы бір жылда Мишамен бүкіл жарыста, бүкіл жаттығу жиынында бірге болдым. Шынымды айтайын, ол өз ұлымдай болып кетті", - дейді Таужанова.

    Журналист Жанарай Таужановадан Михаилдың қолдаусыз қалған кездері туралы да сұрап көрген.

    "Қазір осы мәселе қатты талқыланып жатыр ғой. Пандемиядан соң болған жағдайларға қатысты ештеңе айта алмаймын. Әрбір спортшы жеңіске осындай қиындықпен жетеді ғой. Өзім спортта қанша жыл жүрсем де, оңай жолмен чемпион болғандарды көрмеппін. Спортшының жеңісі осындай сәттермен де ыстық қой?! Қиындықсыз жеңіс жоқ. Ал өзім қасында жүргенде басшылардың, мемлекеттің қолдауын сөзсіз сезіндім. Министрдің өзі төрт-бес рет келіп, жағдайын сұрап, керек-жарағын беріп кетті. Жаттығуға, бапкерлеріне, киіміне мемлекеттен ақша бөлінді.

    Осы Милан Олимпиадасында медальдан үмітті болған соң Мишаға бар жағдай жасалды деп айта аламын. Қуанышқа орай, Михаил да үмітті ақтап, алтын алды. Өзі сондай ақкөңіл жігіт. Елдің үміт артып отырғанын сезінді, жауапкершіліктен қашқан жоқ. Ең бастысы – жанып кеткен жоқ. Еркін бағдарлама аяқталған соң, бәріміздің иығымыздан ауыр жүк түсіп, жеңіл тыныстай бастадық", - дейді Жанарай Таужанова.

    Михаил Шайдоровтың қасында жүрген маман: Жаттығуға, бапкерлеріне, киіміне мемлекеттен ақша бөлінді

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.