Илья Мизерных: Олимпиадада үздік үштікке таласа алатынымды сездім (фото)
Опубликовано:
Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы Олимпиада ойындарында шаңғымен тұғырдан секіруден Қазақстан құрамасының өкілі Илья Мизерных жоғары нәтиже көрсетті. Спортшы сегізінші орын алды. Бұл — осы спорт түрінде қазақстандықтар үшін Олимпиада тарихындағы ең үздік көрсеткіш. Жарыстан кейін Мизерных секірулеріне көңілі толатынын, сонымен қатар, жүлде үшін таласуға мүмкіндік болғанын атап өтті, деп хабарлайды Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
- Илья, биік тұғырда сәтті өнер көрсеттіңіз. Нәтижеңізге көңіліңіз тола ма?
- Әрине, ризамын. Жақсы әрі нәтижелі өнер көрсеттім. Бірақ, білесіз бе, көңілде біртүрлі сезім бар. Білмеймін, жүлдегерлер қатарына іліне алмадым…
- Сізге дейін қазақстандықтар Олимпиадада мұндай нәтижеге қол жеткізбеген. Өз жетістігіңіздің маңызын сезінесіз бе, мұны жеке табысым деп есептейсіз бе?
- Иә, әрине. Нәтиже — ол қашан да нәтиже. Бұл — тек бастамасы ғана, бәрі енді басталып жатыр. Мұны тек өзіме емес, бүкіл Қазақстан құрамасына қатысты айтып отырмын.
- Үздік үштікке ену үшін күресе алатыныңызды сездіңіз бе?
- Жасырып қайтейін, ондай сезім болды. Бірақ бастапқыда дәл үздік үштікке кіру үшін күрестім деп айта алмаймын. Басымда медаль туралы ой болған жоқ. Секірулерге, олардың сапасына ғана көңіл бөлдім. Дегенмен көрсеткен нәтижем жеңіс тұғырынан көрінуге мүмкіндік бар екенін аңғартты.
- Соңында не жетіспеді?
- Әлем кубогында жинаған ұпайларым аздық етті. Өйткені мен жиырмасыншы нөмірмен өнер көрсеттім де, менен кейін секіргендерге қарағанда екі саты жоғары секірдім. Соның салдарынан сегіз саты төмен түстім. Қонуым да сәл әлсіз болды, әлі де жетілдіру қажет.
Екінші секіруде бәрі жақсы болды, тек тұғырдан серпілу сәтінде аздап кемшілік болды. Оған қоса арттан соққан жел үшін ұпай қосылды. Бізде алысқа серпілу үшін жел үлкен рөл ақтарады. Міндетті түрде қарсы бағыттан жел соғуы шарт емес, бірақ қарсы жел болса — тіпті керемет.
- Сіз жасөспірімдер Олимпиадасында жеңіске жеткенсіз. Қазір ересектер Олимпиадасында өнер көрсетудесіз. Екі жарыстың айырмашылығы бар ма?
- Жасөспірімдер Олимпиадасы — ең ірі дода емес. Әрине он алты жастағы спортшы үшін ол өте маңызды жарыс. Оған дайындық та оңай болған жоқ.
Ал ересектер арасында өтетін Олимпиадамен ештеңені салыстыруға келмейді. Деңгейі мүлде басқа. Мұнда әлем чемпиондары да, Олимпиада чемпиондары да секіреді, тиісінше нәтиже де өте жоғары болу керек.
- Бұл жарыстағы сәтті өнеріңіз өзіңізге деген сенімділікті арттырды ма? Себебі сіз көптеген атақты әрі тәжірибелі спортшыны артта қалдырдыңыз.
- Сенім бұрыннан бар еді. Қазір осындай секірулерден кейін сәл босаңсыдым. Әрине медаль үшін күрескім келді. Бірақ қалай бар, солай өнер көрсеттім.
Біздің спортта атақ-дәреженің, жастың аса маңызы жоқ. Ең бастысы — тәжірибе. Тәжірибелі спортшыға мұндай психологиялық қысымда өнер көрсету әлдеқайда жеңіл. Жас маңызды рөл атқармайды. Өз мысалымды айтайын: мен әлі жасөспіріммін, бірақ 30-дан асқан спортшыларды артта қалдырдым. Бүгін үшінші орын алған Польша спортшысы да менімен құрдас — 19 жаста.
Дегенмен, иә, өзіме деген сенімім артты. Енді әлдеқайда салмақты түрде секіретін боламын. Бәрі енді басталып жатыр.
Айта кетейік, биік тұғырдағы жарыста Мизерных сегізінші орын алды. Ал іріктеу кезеңінде ол барлық қатысушы арасында ең алыс қашықтыққа секіріп, 140,5 метр нәтижеге қол жеткізген еді.
- Михаил Шайдоровтың қасында жүрген маман: Жаттығуға, бапкерлеріне, киіміне мемлекеттен ақша бөлінді
- Vogue Italia журналы Михаил Шайдоровтың костюміне жоғары баға берді (фото, видео)
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/olympiad/2343792-ilia-mizernyh-olimpiadada-uzdikke-ushtikke-talasa-alatynymdy-sezdim-foto/