jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Гүлмира Ерубаева
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    Тоқаев Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитовты III дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады (фото)

    Қасым-Жомарт Тоқаев және Ербол Хамитов
    Қасым-Жомарт Тоқаев және Ербол Хамитов. Фото: Ақорда

    Ақордада ХІV Қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитов пен оның бапкерлерін марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

    Марапаттау рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев Италияда өткен әлемдік дода еліміз үшін өте табысты болғанына тоқталды. Жаһандық бәсекеде отандасымыз Ербол Хамитов алтын және қола медаль жеңіп алды.

    "Нағыз чемпион атанып, еліміздің мерейін үстем етті, көк туымызды биікте желбіретті. Бұл – қазақ параспорты үшін тарихи жетістік. Ербол қазақтың қайсар, өр рухты әрі намысты ұлт екенін күллі әлемге паш етті. Сондықтан, ең алдымен, саған және бапкерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін.

    Паралимпиада ойындарына аттанар сәтте мен еліміздің көк туын саған табыстадым. Сол артылған сенімді толық ақтап, Қазақстанға жеңіспен оралдың. Керемет нәтижеге жеттің! Соның арқасында еліміз командалық есепте 18-ші орынға табан тіреді. Үздіктердің ішінен алға шығып, чемпион болу оңай емес. Бұл – жылдар бойғы тынымсыз дайындық пен қажырлы әрі табанды еңбектің жемісі екені анық", - деді мемлекет басшысы.

    Президент бапкерлерге, демеушілерге, дәрігерлерге және параспортшылармен жұмыс істейтін барша маманға ризашылығын білдірді.

    Сондай-ақ Ербол Хамитовтың жетістікке жету жолында оның бапкерлері айрықша рөл атқарғанына назар аударды.

    "Сіздер Ербол Хамитовқа білгендеріңізді үйретіп, тәжірибелеріңізбен бөлістіңіздер. Оның чемпионға тән табандылық танытып, биік мақсатқа ұмтылатын күрескер мінезін шыңдадыңыздар. Олимпиада жылнамасына есімін жазған белгілі, көрнекті спортшы болуына күш салдыңыздар. Сіздерге алғыс айтамын. Орайлы сәтті пайдаланып, бапкерлерге, демеушілерге, дәрігерлерге және параспортшылармен жұмыс істейтін барша маманға ризашылығымды жеткізгім келеді.

    Атлеттеріміздің жетістігі – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Табысқа жету формуласын бәрі біледі. Алайда асқақ мұратқа қол жеткізу үшін көптеген игіліктен және өмірдің қызығынан бас тартып, қиын жолды еңсеруге екінің бірі тәуекел етпейді. Әлем біріншіліктерінде жеңіп алған әр медаль еліміздегі бұқаралық спорттың дамуына зор серпін береді. Бұл өте маңызды.

    Өйткені спортпен шұғылданатын, өз-өзін қамшылап, күн сайын шыңдайтын, сондай-ақ темірдей тәртіпке үйренген адамдар тіршіліктің тауқыметіне мойымайтынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Бұл ретте паралимпиадашылардың жөні тіптен бөлек. Олардың өмірі – нағыз ерліктің, қайтпас қайсарлық пен мұқалмас ерік-жігердің үлгісі", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Сонымен қатар марапаттау рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде мемлекет тарапынан паралимпиада саласына жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.

    "Былтыр елімізде 4 заманауи инклюзивті спорт кешені жұмыс істей бастады. Алдағы уақытта осындай орталықтар әрбір аймақта көбірек ашылуы керек. Біздің демеушілер осы өте маңызды жұмыстан тыс қалмауы қажет деп ойлаймын.

    Жалпы, мемлекет паралимпиада қозғалысын қолдауға айрықша мән береді, бұл бағытты қаржыландыру көлемі де ұлғайды. Параспортшыларымыздың өжет мінезі мен мұқалмас жігері – көпке үлгі, өскелең ұрпаққа өнеге.

    Ұлттық паралимпиада құрамасының әр мүшесі Қазақстанның шексіз мүмкіндіктер елі екенін әлемге әйгіледі. Осыған орай, мен сіздерді жоғары мемлекеттік наградамен марапаттау туралы жарлыққа қол қойдым. Баршаңызға құтты болсын! Амандық, табыс тілеймін!" - деді президент.

    Мемлекет басшысы ХIV Қысқы Паралимпиада ойындарындағы жоғары спорттық жетістіктері үшін Ербол Хамитовты III дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады.

    Туризм және спорт министрлігіне қарасты Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының жаттықтырушылары Василий Коломиец пен Антон Ждановичке "Парасат" ордені, Солтүстік Қазақстан облысындағы "Үміт" мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорт клубының жаттықтырушысы Аслан Тоқбаевқа "Құрмет" ордені табысталды.

    Тоқаев Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитовты III дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады (фото)

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.