jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    2032 жылғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының ресми эмблемалары таныстырылды (фото)

    2032 жылғы Олимпиада ойындарының эмблемалары
    2032 жылғы Олимпиада ойындарының эмблемалары. Фото: olympic.kz

    Брисбенде өтетін 2032 жылғы Олимпиада және Паралимпиада ойындары эмблемаларының басты бейнесі ретінде қызғылт және сары айдарлы какаду таңдалды, деп хабарлайды ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

    ҰОК-тің мәліметінше, Аустралия 2032 жылы өтетін Олимпиада және Паралимпиада ойындарының ресми эмблемаларын таныстырған. Эмблемалардан елдің табиғаты мен мәдениетіне тән ерекшеліктерді көруге болады.

    Эмблемалардың басты бейнесі – Аустралияда мекендейтін какадудың екі түрі. Олимпиада ойындарының символы ретінде қызғылт какаду, ал Паралимпиада ойындарының символы ретінде сары айдарлы какаду таңдалған.

    Олимпиада эмблемасы
    Олимпиада эмблемасы. Фото: olympic.kz

    Дизайнда басқа да нышандар көрініс тапқан. Құстардың айдарларынан Квинсленд штатының сұлбасын байқауға болады, ал Олимпиада және Паралимпиада алауы бірлік, үміт пен шабытты білдіреді. Үш және екі қауырсынның орналасуы Аустралияның жазғы Олимпиада ойындарын тарихта үшінші рет қабылдайтынын меңзейді. Бұл ойындар 2032 жылы өтеді.

    Какаду бейнесі Аустралияның байырғы халықтары үшін де ерекше мәнге ие. Олардың мәдениетінде бұл құстар жермен және дәстүрмен тығыз байланысты. Сондай-ақ олар адамдарды белгілі бір жерлермен, тарихпен және жөн-жоралғыларымен байланыстыратын хабаршы ретінде саналады.

    Екі эмблемада да арнайы әзірленген қаріппен жазылған "Brisbane 2032" деген жазу бар. Олимпиада эмблемасында бес сақина, ал Паралимпиада эмблемасында агитос белгісі бейнеленген.

    Олимпиада эмблемасы
    Олимпиада эмблемасы. Фото: olympic.kz

    Жаңа нышандар Квинслендтің әр өңірінде біртіндеп таныстырылған. Дизайнның алты бөлігі сол аймақтың бес жерінде, атап айтқанда, Үлкен тосқауыл рифінде, Касл-Хиллде, Рокгемптон жағалауында, Уайлдхорс тауында және Каррамбин жағажайында көпшілік назарына ұсынылған.

    Кейін барлық элемент біріктіріліп, екі толыққанды эмблема жасалған. Олар алғаш рет Брисбеннің Саут-Бэнк ауданында көпшілікке көрсетілген.

    Көркемдік тұжырымдаманы "Брисбен-2032" Ұйымдастыру комитетінің жетекшілігімен жергілікті және халықаралық шығармашылық агенттіктерден құралған топ әзірлеген.

    Таныстырылған эмблемалар алдағы Ойындардың безендірілуінде кеңінен қолданылатын болады. Ал Олимпиада мен Паралимпиада ойындарының тұмары немесе тұмарлары кейінірек таныстырылады.

    Айта кетейік, Брисбендегі жазғы Олимпиада ойындары 2032 жылы 23 шілде мен 8 тамыз аралығында, ал Паралимпиада ойындары 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында өтеді.

    2032 жылғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының ресми эмблемалары таныстырылды (фото)

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram