Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазір шақырса, қазір барамын": Ирандағы қазақ Олимпиадаға Қазақстанның атынан қатысуды қалайды

Жарияланған күні:

Фото
Фото: Абдулхаким Бектұрдың жеке мұрағаты

Бокстан Иран құрамасының белді мүшесі Абдулхаким Бектұрдың байрақты бәсекелерде оза шауып, қанжығасы жиі майланып жүргенін спорт жанкүйерлері біледі. Түркістан басылымына сұхбат берген ол алдағы уақытта жарыс жолына Қазақстан атынан шығуды армандайтынын, Олимп шыңын бағындыруды мақсат еткенін жасырмады деп жазады

75 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Бектұр 2001 жылы Иранның Горган қаласында өмірге келген.

Оның бокспен кәсіби түрде айналысып жүргеніне сегіз жыл болған.

Спортшының айтуынша, Иранның ересектер құрамына өткеніне бір жылдай болған. Бектұр оған дейін жастар арасында бес жыл өнер көрсеткен. Қазір қандасымыз бокстан Иран ұлттық құрамасында 75 келіде нөмірі бірінші боксшы.

Фото
Фото: Абдулхаким Бектұрдың жеке мұрағаты

Қандасымыз Иранда бокс бірінші спорт түрі болып саналмайтынын, сол себепті билік тарапынан лайықты қолдау жоқ екенін жасырмады. Оның сөзінше, ислам мемлекетінде күрес, футбол, баскетболға ерекше көңіл бөлінеді екен.

Фото
Фото: Абдулхаким Бектұрдың жеке мұрағаты

Бектұр осындай кедергілерге қарамай Олимпиада ойындарының жеңімпазы болуды мақсат еткенін атап өтті.

"Сол арманмен ұйықтаймын, сол арманмен оянамын. Алдағы уақытта халықаралық жарыстарға Қазақстанның атынан шыққым келеді. Бәрінен бұрын Токио Олимпиадасында топ жарғым келеді. Егер оған жолдама алып үлгермесем, немесе Олимпиада тағы өтпейтін болса, 2024 жылы Париж қаласында өтетін жазғы Олимпиада алтыннан алқа таққым келеді", - деді ол.

Фото
Фото: Абдулхаким Бектұрдың жеке мұрағаты

Бектұр Қазақстан чемпионатын әлеуметтік желі арқылы бақылайтынын, әсіресе 69 және 75 келіде өнер көрсететін былғары қолғап шеберлерінің жекпе-жектерін жібермеуге тырысатынын жеткізді.

Бектұр бала кезінен Рио Олимпиадасының жеңімпазы Данияр Елеусіновті үлгі тұтатынын, Геннадий Головкиннің де кездесулерін тағатсыздана күтетітінін ата өтті.

Фото
Фото: Абдулхаким Бектұрдың жеке мұрағаты

Бектұр өткен жылы бокстан Қазақстан чемпионатына қатысуға әрекет жасап, төрт ай бойы Маңғыстауда дайындық жұмыстарын жүргізген. Алайда, құжат дайындау кезінде мәселелер туындап, Иранға қайтуға мәжбүр болған.

Ол алдағы уақытта қолдау болса, Қазақстанға көшіп келуге дайын екенін айтты.

"Қазақстан құрамасына қазір шақырса, қазір барамын. Сосын ел жақтан біреу қарайласып, қолдау білдірсе деген өтінішім бар. Барғанда тұрақтайтын үй-жай, жаттығатын зал болса, әрмен қарай өзім іліп алып кетемін. Өзіме сенемін. Бокстан мықты екенімді дәлелдей аламын. Ешкімді ұятқа қалдырмауға тырысамын", - деді Бектұр.
Фото
Фото: Абдулхаким Бектұрдың жеке мұрағаты

Еске сала кетсек, бұған дейін Африкада мұғалім болып жүрген қазақ қызы туралы жазған болатынбыз.

Сонымен қатар Стамбұлда жеке дүкенімен қоса, шағын зауыты бар Тұран Баһадүр есімді қандасымыз туралы хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1887117-kazir-sakyrsa-kazir-baramyn-iran-kramasyndagy-kazak-olimpiadaga-kazakstanny-atynan-katysudy-kalajdy/