Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Гиннестің ректордтар кітабына енді. 17 жасында ең жас әлем чемпионы атанған отандасымызға аталған ұйым арнайы сертификатын жолдаған. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі ресми сайтында хабарлады.
"Қазақстандық Бибісара Асаубаева (2004 жылы 26 ақпанда дүниеге келген) – блицтен әйелдер арасында ең жас әлем чемпионы. Бибісара 2021 жылдың 30 желтоқсанында Польшаның Варшава қаласында блицтен әйелдер арасында өткен әлем чемпионатында 17 жасында жеңіске жетті", - делінген ресми құжатта.
Естеріңізге сала кетейік, Польша астанасы Варшава қаласында өткен әлем чемпионатында Бибісара Асаубаева "блицте" бірінші орынды жеңіп алған болатын.
Сондай-ақ осы чемпионатта Бибісара жылдам шахматтан (рапид) екінші орынды иеленген еді.
Шахматшының жарқын жеңісінен кейін оны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.
Сонымен қатар президент елге оралған әлем чемпионын жеке қабылдап, жеңістен жеңіске жете беруіне тілектестік білдірген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1963813-saxmatsy-bibisara-asaubaeva-ginnestin-rektordtar-kitabyna-endi/