Өзбекстанда туылған Абиба Әбужақынова шетелде тұрған кезінде турнирлерге қатыспаған. Бұл туралы ол "Берен" YouTube жобасында мәлімдеді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
"Өзбекстанда маған назар аударған жоқ. Себебі мен қазақ болдым. 2010-2012 жылдары мені Азия чемпионаттарына алып барған жоқ. Ал сол жылдары жастар мен жасөспірімдер арасында Өзбекстан чемпионы болдым. Алып барған жоқ мені. Қаражат жағын облыс береді ғой. Ташкент облысы ақша берген жоқ. Солай Қазақстанға кетіп қалдым. Ата-анам Қазақстанға мен үшін көшіп келді. 2014 жылы Шымкентке қоныс аудардық. Ата-анам сол жақта әлі. Өзім Атырауда тұрамын. Бірақ көп уақытым Алматыда өтеді.
2016 жылы Үндістанда өткен жастар арасындағы Азия біріншілігінде екінші орын алдым. Сол кезде ғана олар: "Бұл біздің қыз", - депті. Қағаз сұратып, "күрестірмейміз" деп, Өзбекстан тарапы шу шығарған. Қазақ екенімді тексеріп, содан соң ғана рұқсат берген. Қазір де сол жақтың бапкерлері мені көріп қалса: "Сен 30 пайыз біздікісің", - дейді. Ал мен қазақпын және маған дзюдоны үйреткен бапкерім де қазақ. Өзбекстанның Шыршық ауылында мықты қазақ спортшылары көп. Өкінішке қарай, олар біздерге келмейді", - деді Абиба Әбужақынова.
Айта кетелік, Абиба Әбужақынова Қазақстан тарихында тұңғыш рет дзюдодан әлем чемпионатының қола медалін жеңіп алған қазақ қызы.
Ол 2022 жылы Ташкентте өткен әлем біріншілігінде қола жүлдегер атанған.
Сондай-ақ Абиба Grand Slam турнирлерінде жүлде алған тұңғыш қазақ қызы саналады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2024069-qazaq-bolganym-usin-zarysqa-apargan-zoq-ozbekstanda-tuyp-osken-sportsy-qyz-elge-ne-usin-kosip-kelgenin-malimdedi/