Семсерлесуден Қазақстан ерлер құрамасы ХІХ жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ерлік Сертай, Эльмир Әлімжанов, Руслан Курбанов, Вадим Шарлаимов квартеті Азия ойындарының финалында Жапония құрамасына 36-35 есебімен есе жіберді.
Есеп 31-31 болып тұрғанда шешуші дуэльде Эльмир Әлімжанов пен жекелей сынның жеңімпазы Коки Кано шеберлік байқасты. Шиеленіске толық бұл айқас та тең аяқталды (35-35). Ал қосымша уақытта жапониялық спортшы нәтижелі соққы жасап, құрамасына жеңіс сыйлады.
Қазақстанның құрамасы ертеректе іріктеуде Моңғолиядан (45-12), ширек финалда Въетнамнан (45-26), ал жартылай финалда Гонконг құрамасынан 45-30 есебімен басым түскен.
Айта кетейік, Жапония алдыңғы Джакартадағы Азия ойындарының жеңімпазы, ал Қазақстан қола жүлдеге ие болған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2038831-semserlesuden-qazaqstan-quramasy-aziadanyn-kumis-zuldegeri-atandy/