Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы облысының әкімі Азия ойындарында екі алтын алған спортшыға қомақты ақшалай сый табыс етті

Опубликовано:

Әсем Орынбай мен Марат Сұлтанғазиев
Әсем Орынбай мен Марат Сұлтанғазиев. Фото: Алматы облыстық спорт басқармасы

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ХІХ Жазғы Азия Ойындарының жеңімпаздары, жүлдегерлері және қатысушыларын қабылдады. Бұл туралы облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу басында Марат Елеусізұлы облыс спортшыларының жетістігін ерекше атап өткен.

"Алматы облысынан Ханчжоудағы Азия Ойындарына аз спортшы барса да, қос алтын, үш қола медаль иеленді. Бұл - біз үшін қуантарлық жәйт. Алматы облысы спорттың дамуына ден қойған өңір. Бұқаралық спорттың да ілгері басуы біз үшін өте маңызды. Болашаққа мақсатымыз - тұрғындардың 50% спортпен шұғылдануы. Қазіргі көрсеткіш - 35%", - деді ол.

Сонымен қатар, спортшыларымызға келер жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарында да зор үміт артатынын жеткізді.

"Қытайда жақсы өнер көрсетуге кедергі факторлар болды: ауа-райы және табиғат ерекшелігі. Дегенмен, дәл осы стенд ату жарысында алғаш рет әнұранымыз шырқалды. Бұл жетістік - тұрақты, әрі жүйелі дайындықтың көрсеткіші. Алматы облысында жаттығуға барлық жағдай жасалып отыр. Байсеркедегі Асанов ату спорты базасының өзі - жоғары деңгейдегі кешен. Үздіксіз қолдауыңызға алғыс білдіремін!", - деді Азия ойындарының екі дүркін чемпионы Әсем Орынбай.

Салтанатты жиын марапаттау рәсімімен жалғасты. Марат Сұлтанғазиев Әсем Орынбайға 3 миллион теңге көлеміндегі сертификат табыстады. Эдуард Ещенкоға 2 500 000 теңге, қола жүллегерлер Мариан Ордабаева мен Аян Тұрсынға 1 500 000 теңгеден үлестірілді. Сонымен қатар, Азия Ойындарының қатысушылары мен жүлдегерлердің жеке жаттықтырушылары да елеусіз қалмады. Оларға 300-500 мың теңге сыйақы берілді.

Одан бөлек барлық спортшы және жаттықтырушыларға Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасы мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2041976-almaty-oblysynyn-akimi-aziya-oiyndarynda-eki-altyn-algan-sportsyga-qomaqty-aqsalai-syi-tabys-etti/

pixel