Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шолу: қазақстандық спортшылар өткен аптада қандай жеңіске жетті

Опубликовано:

Инесса Шумекова
Инесса Шумекова. Фото: Jasmin Walter - International Skating Union via Getty Images

Өткен аптада конькишілер, фристайлшы Жанбота Алдабергенова, мәнерлеп сырғанаушы Рахат Бралин және өзге де қазақстандық спортшылар жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Туризм және спорт министрлігінің Telegram-дағы ресми арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Конькимен жүгіру

Италияның Коллальбо қаласында конькимен жүгіруден жастар арасындағы әлем кубогінің екінші кезеңі аяқталды. Қазақстан құрамасы бұл жарыста 2 алтын, 2 күміс жүлдеге қол жеткізді.

Қазақстандық спортшылар екі қашықтықта да бірінші және екінші келді. 23 жасқа дейінгі конькишілер арасында 500 метрге конькимен жүгіруден Маргарита Артемьева 40.04 секунд уақыт көрсетіп жеңімпаз атанса, Инесса Шумекова (40.27секунд) күміс жүлдеге ие болды. Ал қола медаль Нидерланд өкілі Вильде Баасқа (40.96 секунд) бұйырды.

Сондай-ақ, Инесса Шумекова 1000 метр қашықтықта жеңіске жетіп, алтыннан алқа тақты. Ол 1:22:34 нәтижесін көрсетті. Күміс медаль тағы бір ұлттық құрама спортшысы Арина Ильященконың (1:22:61 секунд) еншісінде. Одан кейінгі сатыға Польша өкілі Магдалена Смедзик (1:23:20 секунд) жайғасты.

Апенин түбегіндегі байрақты бәсекеге 27 елден 230 спортшы қатысты.

Мәнерлеп сырғанау

Мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құрама көшбасшысы Рахат Бралин Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен Bosphorus Cup-2023 додасында қола жүлдеге ие болды. Қазақстандық мәнерлеп сырғанау шебері қос жаттығудың нәтижесінде 203.40 ұпай жинап, жарысты үшінші орынмен аяқтады. Алтын Әзербайжан спортшысы Владимир Литвинцевке (221.10 ұпай) бұйырса, үшінші орынға Түркия спортшысы Бурак Демирбога (211.02 ұпай) жайғасты.

Бұл жарысқа барлығы 34 мемлекеттен 193 атлет жиналды.

Шорт-трек

2-3 желтоқсан аралығында Нидерланды елінің Леэварден қаласында өткен шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем кубогінің екінші кезеңінде Қазақстан қыздар құрамасы қола жүлдеге ие болды. Құрама сапындағы Алина Әжіғалиева, Зейнеп Құмархан, Анастасия Астраханцева, Гүлдана Жалмұхан және Полина 3000 метр қашықтықтағы әйелдер эстафетасында бақ сынады. Бірінші орынды Корея құрамасы иеленсе, екінші сатыға Нидерланд әйелдер құрамасы көтерілді.

Сондай-ақ, жасөспірімдер арасындағы әлем кубогі кезеңінде 1000 метр қашықтықта жарыс жолына шыққан Дінмұхамммедалдияр Тәжібай қола жүлдегер атанды. Бұл сында Корея спортшысы Хан Бён-Чан чемпион атанса, екінші орын Нидерланды спортшысы Бас Ван Дер Валькқа бұйырды.

Әйелдер күресі

Беларусь астанасы Минскіде үш дүркін Олимпиада чемпионы Александр Медведьті еске алуға арналған күрестен Гран-при жарысында екі қазақстандық спортшы үздіктер қатарынан көрінді. 65 келіде бақ сынаған Ирина Казюлина мен 76 келіде белдескен Эльмира Сыздықова турнирдің қола жүлдегері атанды.

Сондай-ақ, Әзербайжан астанасы Бакуде әйелдер күресінен әскерилер арасында өткен әлем чемпионатында 57 келі салмақ дәрежесінде Айнұр Ашымова күміс жүлдеге ие болды.

Грек-рим күресі

Қазақстандық палуан Аманғали Бекболатов Әзербайжан астанасы Бакуде өткен грек-рим күресінен әскерилер арасында ұйымдастырылған әлем чемпионатында 55 келі салмақ дәрежесінде топ жарды.

Еркін және грек-рим күресінен әлем біріншілігіне әлемнің 18 елінен 321 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы бір алтын, үш күміс және төрт қола иеленді.

Кәсіпқой бокс

Қазақстандық боксшы Бекман Сойлыбаев (17-1, 8 КО) Түркияның Трабзон қаласында өткен кәсіпқой бокс кешінде өзбекстандық "Кішкентай Тайсон" лақап атымен танымал Мирзамухаммад Хикматуллаевпен (9-5, 6 КО) жұдырықтасты.

10 раундқа есептелген кездесу екінші раундта техникалық нокаутпен аяқталды. Екінші раундта Хикматуллаев иығын жарақаттап алды. Жарақаты асқынған соң боксшы төреші жекпе-жекті тоқтататыны туралы белгі берді. Алайда рефери оның өтінішін бірден елей қоймады.

Бекман Сойлыбаевтың қатты соққыларынан кейін Хикматуллаев екінші рет қолын көтерсе де, рефери оған мән бермеді. Өзбекстан спортшысының секунданттары рингке орамал лақтырған кезде де төреші оны өздеріне қайта лақтырды. Раунд аяқталған соң өзбекстандық боксшы жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Мирзамухаммад Хикматуллаев осымен алтыншы рет жеңілді.

Еске салайық, Бекман Сойлыбаев былтыр WBA Inter-Continental чемпионы атағын жеңіп алған болатын.

Теннис

Түркияның Ыстанбұл қаласында 14 жасқа дейінгілер арасында үшінші санаттағы Tennis Europe турнирі мәресіне жетті. Аталмыш жарыста қазақстандық жас теннисшілер табысты өнер көрсетті. Жекелей сында Роберт Каминский финалға дейін жетіп, бас жүлде үшін бәсекеде ресейлік Никита Бердинге 1:6, 2:6 есебімен жол берді.

Жұптық сында финалда қазақстандықтар Александр Софрыгин – Егор Сорокин және Аңсар Ниетқалиев – Жантөре Санжарұлы өзара кездесті. Үш сағатқа созылған тартысты матчта Александр мен Егор жұбы жеңіске жетіп, чемпион атанды. Есеп – 1:6, 6:3, 10:8.

Қыздар арасында қазақстандық Руслана Русланова ресейлік Виктория Хастцаевамен бірге соңғы бәсекеде ресейлік Татьяна Головина мен Мария Маслякова жұбына 6:2, 5:7, 6:10 есебімен жеңілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2048948-solu-qazaqstandyq-sportsylar-otken-aptada-qandai-zeniske-zetti/

pixel