Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шавкат Рахмонов, Елена Рыбакина және Ризабек Айтмұхан: Қазақстанның 2023 жылғы үздік спортшылары кім

Опубликовано:

Шавкат Рахмонов
Шавкат Рахмонов. Фото: Cooper Neill/Zuffa LLC via Getty Images

2023 жылы қазақстандық спортшылар бірқатар маңызды жарысқа, жекелеген спорт түрлерінен өткен әлемдік және құрлықтық деңгейдегі додаларға және басқа да халықаралық турнирлерге қатысты. KAZ.NUR.KZ тілшісі осы жылы үздік деп танылған спортшылардың тізімін дайындады.

Шавкат Рахмонов, ММА

Шавкат Рахмонов
Шавкат Рахмонов. Фото: Sean M. Haffey/Getty Images

Қазақстандық файтер бір жылдың ішінде UFC чемпионы титулына жақындай түсті. Енді Шавкатқа есімі ешкімге белгілі емес спортшыларға қарсы жұдырытасу керек емес. Оған өз салмағының үздік файтерлерімен кездесу қажет. Ал 2023 жылы Рахмонов өзінің негізгі мақсатына барынша жақындады. Желтоқсан айында Стивен Томпсонды тамаша жеңіп, жартылай орта салмақтағы рейтингтің үздік 3 файтері қатарына енді. Осыған дейін бірде-бір жекпе-жегінде жеңілмеген "Номад" UFC промоушенінің чемпиондық титулына жақын.

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы. Фото: Jurij Kodrun - UEFA/UEFA via Getty Images

Бұл материалда қазақстандық футболшыларды айтпай кету мүмкін емес. Олар бұрын-соңды болмаған дүниені жасады. Магомед Адиев шәкірттері Еуропа чемпионатының іріктеу ойындарында тамаша нәтиже көрсетті. Тек соңғы матчта ғана Словения ұлттық құрамасына жеңілгендіктен, Еуропа біріншілігіне жолдама ала алмады. Десе де 2024 жылы Германияда өтетін жарысқа қатысатын мүмкіндік әлі де бар. Келесі жылы қазақстандық футболшылар Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінде өнер көрсетеді. Егер сол кездесулерде жеңсе, Еуро-2024 жарысына жолдама алады.

Ризабек Айтмұхан, еркін күрес

Ризабек Айтмұхан
Ризабек Айтмұхан. Фото: uww.org

Өткен жылы қазақстандық еркін күрес балуаны Ризабек Айтмұхан есімін тарихқа жазды. Ол еркін күрестен әлем чемпионатында алтын алған тұңғыш қазақ спортшысы атанды. Ризабек 92 келі салмақта топ жарып жеңіс тұғырынан көрінді. Енді қазақстандық балуан Олимпиада ойындарына қатысу үшін салмағын өзгерткісі келеді. Ризабек жаңа маусымда Олимпиадалық салмақ дәрежесінде, яғни 97 келіге дейінгі салмақта бақ сынамақ.

Жәнібек Әлімханұлы, кәсіпқой бокс

Жәнібек Әлімханұлы
Жәнібек Әлімханұлы. Фото: Steve Marcus/Getty Images

Қазақстандық боксшы қазір орта салмақтағы басты жұлдыздардың бірі. Тіпті, WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы америкалық Джермалл Чарло Жәнібектен кейін тұр. Боксшы екі рет WBO чемпионы атағын қорғап, Винченцо Гуальтиериден IBF титулын жеңіп алды. Бұл "Qazaq style" үшін тек бастамасы ғана деп білеміз. Себебі Әлімханұлы маңызды жекпе-жектер күтіп тұр.

Елена Рыбакина, теннис

Елена Рыбакина
Елена Рыбакина. Фото: Artur Widak/NurPhoto via Getty Images

2023 жылғы маусым бойы Елена әлемнің ең үздік теннисшілерінің тізіміне енгені бекер емес екенін дәлелдеді. Жыл басында Australian Open турнирінің финалына шықты. Алайда "Үлкен дулыға" турнирінің ақтық сынында Арина Соболенкодан жеңіліп қалды. Десе де WTA жарысының екі кезеңінде жеңіске жетіп, Қорытынды турнирге де қатысты. Қазақстандық теннисші қазіргі уақытта WTA рейтингінде төртінші орында тұр.

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы

Футзалдан Қазақстан құрамасы
Футзалдан Қазақстан құрамасы. Фото: ANP via Getty Images

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде 100 пайыздық нәтиже көрсетті. Топтағы 6 ойынның барлығында жеңіске жетіп, қатарынан 3-ші мәрте әлем чемпионатының финалдық сатысына жолдама алды. Енді отандастарымыз 2024 жылы Ташкентте әлем чемпионы деген атаққа таласады. Естеріңізде болса, 2021 жылы жерлестеріміз әлем біріншілігінің жартылай финалына дейін жеткен еді.

Жәмиля Бақбергенова, әйелдер күресі

Жамиля Бақбергенова
Жамиля Бақбергенова. Фото: uww.org

Бақбергенова Қазақстан әйелдер күресін әлемдік деңгейде танытып жүрген спортшылардың бірі. Биыл үш дүркін Азия чемпионы атанды. Ең басты жетістігі – әлем чемпионатында жеңіп алған қола жүлдесі. Осыған дейін екі рет әлем чемпионатында күміс медаль иеленген еді. Айта кетейік, Біріккен күрес әлемінің (UWW) рейтингіне қазақ қызы да ілінді. Жәмилә Бақбергенова 72 келі салмақ дәрежесінде үшінші орында тұр.

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы

Сәкен Бибосынов
Сәкен Бибосынов. Фото: Luis Robayo - Pool/Getty Images

2023 жыл қазақстандық боксшылар үшін табысты жыл болды деп айтуға болады. Жыл басында еліміздің 22 жасқа дейінгі құрамасы Тайландта өткен Азия чемпионатында 20 медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте үздіктер қатарынан көрінген еді. Ал мамыр айында Ташкент төріндегі әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 4 алтын (Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай), 1 күміс (Дулат Бекбауов) олжалады. Қазақстан құрамасы осындай нәтижеге осыдан 10 жыл бұрын, 2013 жылы Алматыдағы әлем біріншілігінде қол жеткізген еді.

Жанбота Алдабергенова, фристайл-акробатика

Жанбота Алдабергенова
Жанбота Алдабергенова. Фото: Christian Petersen/Getty Images

Желтоқсан айында Алдабергенова Рука қаласында (Финляндия) өткен әлем чемпионатының кезеңінде үшінші нәтиже көрсетіп, қола медаль жеңіп алған еді. Бірнеше күннен кейін Еуропа кубогы кезеңінде Қазақстанға тағы екі медаль сыйлады. (Алтын және күміс медаль).

Алексей Луценко, велоспорт

Алексей Луценко
Алексей Луценко. Фото: Con Chronis/Getty Images

Велоспорттан Қазақстан құрамасының көшбасшысы тамаша маусым өткізді. Ол Ханчжоудағы Азия ойындарында алтын медаль үшін болған жарыста қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмай сенімді жеңіске жетті. Ал топтық жарыста қазақстандық спортшы Евгений Федоровпен мәре сызығына бірге жетіп, жерлесінің алтын медаль алуына себепкер болды. Сонымен қатар "Астана" командасы сапында халықаралық жарыста бірнеше рет жеңіске жетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2053435-savkat-raxmonov-elena-rybakina-zane-rizabek-aitmuxan-qazaqstannyn-2023-zylgy-uzdik-sportsylary-kim/

pixel