Жаңа жылдағы ірі спорттық жарыстар шымылдығын IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы ашады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Жасөспірімдер Олимпиадасы
2024 жылғы 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Канвондо қаласында (Оңтүстік Корея) өтетін IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасына Қазақстан спортшылары да қатысады. Қазіргі уақытта ел құрамасында 5 спорт түрі (10 дисциплина) бойынша 30 лицензия бар (42 спортшы).
Жазғы Олимпиада ойындары
2024 жылдың басты спорттық жарысы – Париждегі жазғы Олимпиада ойындары. Бұл дода 26 шілде мен 11 тамыз аралығында әлемнің 205 елінен келген 10 мыңнан астам спортшының қатысуымен өтеді. Төрт жылдықтың жарысында спорттың 32 түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 20 түріне қатысуды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда жерлестерімізде спорттың 8 түрі бойынша (садақ ату, велошоссе, оқ ату, қазіргі бессайыс, грек-рим күресі, еркін күрес, спорттық гимнастика және бокс) 17 лицензия бар. Алда 90-ға жуық лицензиялық жарыс күтіп тұр. Сондықтан жолдамалар санын әлі де көбейту мүмкіндігі бар.
Футзалдан әлем чемпионаты
Биыл Өзбекстан астанасы Ташкентте футзалдан ұлттық құрамалар арасындағы әлем чемпионаты өтеді. Аталмыш додағы Қазақстан құрамасы тарихында төртінші рет шығып отыр. Кака бастаған ұжым іріктеу кезеңінің элиталық дивизионында 6 ойынның бәрін жеңіп, рекордтық нәтиже көрсеткен еді. Сонымен қатар, сәуір айының басында Қазақстан ұлттық құрамасы Өзбекстан ұжымымен жолдастық кездесу өткізеді.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары
Елордада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру және өткізу 2024 жылдың 8-14 қыркүйек аралығына жоспарланған. Қазақстанға әлемнің 100-ден астам елінен делегациялар келеді деп күтілуде. Ойындардың бірегейлігі – спорттық, мәдени және ғылыми бағдарламалардың ұштасуында. Бағдарламаға 20 жарыстық және 10 көрнекі спорт түрі кіріп, 110 медаль жиынтығы ойнатылады. Жарыс ат спорты, ұлттық күрес, садақ ату, құстармен аң аулаудың түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар бойынша өтеді. Қазіргі уақытта ұлттық құрама даярлықты бастады, командалар құрамы қалыптасуда, оқу-жаттығу шаралары өткізілуде.
Әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионаты
Биыл Астанада әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионаты өтеді. Бұл туралы Ташкентте (Өзбекстан) өткен Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) ресми отырысында хабарланды. IBA Федерациясы президентінің айтуынша, турнирдің жалпы жүлде қоры 4,8 миллион АҚШ долларын құрайды. Әлем чемпионы атанған боксшы 200 000 АҚШ долларын алады.
Самбодан әлем чемпионаты
Сондай-ақ 2024 жылдың қарашасына Астана қаласында самбодан әлем чемпионаты жоспарланған. Өткен жылы күзде Ереванда өткен самбодан 48-ші әлем чемпионатына 65 ел қатысып, жалпы есепте Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс және 5 қоламен үшінші орынға табан тіреді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2053868-2024-zyly-qazaqstandyq-sportsylar-qatysatyn-manyzdy-oqigalar/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.