Еуропаға танымал шабандоз Бауыржан Мырзабаев қазақстандық тұлпар Қабирханға мініп бәйгеге қатысуға мүмкіндік туса, бас тартпайтынын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық спорт қауымдастығының Youtube желісіндегі ресми арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бауыржан Мырзабаев – 2009 жылы Чехиядағы шабандоздар мектебіне түскен қазақстандық спортшы. Бозбала шағынан бастап Еуропада білім алған Бауыржан Чехияның 3 дүркін, Германияның 4 дүркін чемпионы. Қазақстанда есімі көп аталмағанмен, оны шетелде көшеде танып жатады. Қазір Жапонияда тұратын Бауыржан 5 тіл меңгерген екен. Жылына кем дегенде 500 бәйгеге қатысатын қазақстандық шабандоз Қабирханмен халықаралық жарысқа қатысқысы келетінін айтты.
"Қазақстанда Қабирхандай жақсы аттар көбейе берсе, әрине, мен болашақта шабамын деген ойым бар. Қарсы емеспін. Бірақ Қабирханның шабандозы Пат Добс екі рет ұтқаннан кейін, аттың иесі немесе бапкері шабандозды ауыстыратын ойы бар ма жоқ па білмеймін. Ал маған ұсыныс түссе ол қазақтың аты болғаннан кейін, әрине, келісемін. Аттың ұтысы бөлек, менікі бөлек. Ал екеуміздікін қосқанда өте жоғары болып саналады ғой. Өйткені қазақтың аты және қазақтың баласы", – деді шабандоз.
Айта кетейік, қазақстандық тұлпар Қабирхан тағы бір бәйгеге қатысады. Ол 30 наурызда Dubai Wold Cup жарысында бақ сынамақ. Бұл бәйгенің жүлде қоры – 12 миллион доллар. Қабирхан 26 қаңтарда Дубайда өткен Al Maktoum Challenge турнирінде топ жарған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2059890-cexiyadagy-sabandozdar-mektebinde-oqygan-qazaqstandyq-sportsy-qabirxanmen-baigege-qatysuga-nietti-ekenin-aitty/