"ПСЖ" футбол клубының ойыншысы Килиан Мбаппе Францияның Елисей сарайында өткен кешкі асқа қатысты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ журналист Фабрицио Романоның Instagram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Кеше, 27 ақпанда Киллиан Мбаппе Франция президенті Эммануэль Макронның шақыруымен Елисей сарайындағы кешкі астың қонағы болды. Бұл жиын Катар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнидің Францияға ресми сапармен келуіне орай ұйымдастырылған еді.
Журналист Фабрицио Романоның жазуынша, Эммануэль Макрон Мбаппеге "сіз бізге көп мәселе тудырасыз", – деп айтқан.
"Мбаппе және оның келісімшарты бұл кездесудің тақырыбы емес, өйткені Килиан ПСЖ-дан кетуге шешім қабылдап қойды", – деп жазды Фабрицио Романо.
Еске салайық, Килиан Мбаппе "ПСЖ"-дан кететінін мәлімдегенін жазғанбыз. Белгілі спорт журналисі және инсайдер Фабрицио Романоның айтуынша, Мбаппе франциялық клубтың басшылығына өзінің жазда кететінін хабарлады. Себебі футболшының ПСЖ-мен келісімшарты дәл осы уақытта аяқталады.
Айта кетейік, Мбаппе ПСЖ клубында 2017 жылдан бері ойнайды. Transfermarkt порталының мәліметінше, 25 жастағы футболшының трансферлік нарықтағы құны 180 миллион еуро.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2063431-franciya-prezidenti-men-killian-mbappe-ne-zaily-soilesti/