Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әбиба Әбужақынова мен Сағындық Тоғамбай: қазақстандық спортшылар өткен аптада қандай жеңіске жетті

Опубликовано:

Әбиба Әбужақынова
Әбиба Әбужақынова. Фото: ijf.org

Өткен аптада боксшылар, теннисшілер және өзге де қазақстандық спортшылар жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Туризм және спорт министрлігінің Telegram-дағы ресми арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Бокс

Әзербайжан астанасы Бакуде өткен бокстан "Ұлы Жібек жолы" халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасы 3 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Отандастарымыздан Талғат Сырымбетов (60 келі), Дархан Дүйсебай (71 келі), Сағындық Тоғамбай (92 келі) топ жарса, әлем чемпионы Теміртас Жүсіпов (48 келі) пен Тимур Қабдеш (54 келі) күміс, Бақтияр Смағұлов (67 келі) және Бекзат Таңатар (86 келі) қола жүлдеге ие болды.

Дзюдо

Анталияда (Түркия) мәресіне жеткен дзюдодан "Үлкен дулыға" турнирінде отандасымыз Әбиба Әбужақынова (-48 келі) қола жүлдегер атанды. Қазақстандық дзюдошы жүлде жолында Сабина Гилязовадан голден-скорда басым түсті. Қарсыласы 3 ескерту (шидо) алуына байланысты жеңіс Әбибаға берілді.

Шахмат

Блиц шахматтан 2 дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева Swiss Queens Wednesday онлайн турнирінде топ жарды. Ұлттық құрама көшбасшысы 11 турда 10,5 балл жинап, өзінен кейінгі шахматшыдан 2 ұпайға озып кетті.

Теннис

Қазақстан теннисшісі Александр Недовесов Испанияның Жирона қаласында ұйымдастырылған челленджер турнирінің жұптық сынында чемпион атанды. Жерлесіміз эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге финалда франциялықтар Хонатан Эйссерик пен Альбано Оливетти жұбын 7:6 (7:1), 6:4 есебімен тізе бүктірді.

Үстел теннисі

Ливанда өткен үстел теннисінен WTT Feeder Beirut халықаралық турнирінде Қазақстан спортшылары үздік нәтиже көрсетті. Алан Құрманғалиев 19 және 17 жас аралығындағы бәсекеде үздік шықса, Кирилл Герасименко күміс жүлдеге қол жеткізді. Сонымен қатар Арнұр Оралханов – Жанерке Көшкімбаева жұбы, Нұрислам Қасым, Нұрдәулет Азаматұлы және Жанерке Көшкімбаева қола жүлдеге ие болды.

Велоспорт

Сербияның Пожаревак қаласында өткен Serbia epic ŠKODA POŽAREVAC XCO тау велосипедінен халықаралық турнирде қазақстандық Алина Сарқұлова күміс жүлдегер атанды. Оның уақыты 1:30:06 болды.

Көркем гимнастика

Айбота Ерсайқызы көркем гимнастикадан Гран-при кезеңінде күміс жүлдегер атанды. Лентамен жаттығу финалында ол 31.4 ұпай жинап, екінші орынға ие болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2076540-abiba-abuzaqynova-men-sagyndyq-togambai-qazaqstandyq-sportsylar-otken-aptada-qandai-zeniske-zetti/

pixel