Маңғыстаулық азамат Рәббім Байбозұлы Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына велосипедпен аттанды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ mangystaumedia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
3 мамырда Рәббім Байбозұлын отбасы, достары, спортшылар және Ақтау қаласы әкімдігінің өкілдері Парижге шығарып салды. Велошабандоз сапары барысында 9 елге баруды жоспарлап отыр.
"Ауа райы қандай болса да, мен үшін кедергі емес, өйткені бірнеше жылдық тәжірибем бар. Велосипедпен Қазақстанның түкпір-түкпірін араладым, тіпті тау жоталарын бағындырдым деуге болады. Қиын болуы мүмкін, себебі – бейтаныс рельеф және жолды білмеу. Бірақ мұндай жағдайлар үшін әрқашан карталар мен мен нұсқаулық бар. Менің мақсатым – Париждегі Олимпиада ойындарына көрермен ретінде қатысу.
Әзербайжаннан бастап 9 мемлекетті аралауды жоспарлап отырмын. Жолға көп зат алмадым, багажымда небәрі 10 келі зат бар. Балаларым мен немерелерім мені Еуропада – Германия мен Францияда күтіп отыр. Олардың қолдауы мен үшін маңызды. Ал елге қайтарда ұшақпен қайтамын", – деді Рәббім Байбозұлы.
Еске салайық, 64 жастағы маңғыстаулық спортшы Парижде өтетін Олимпиадаға велосипедпен аттанатынын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2095808-aua-raiy-kedergi-emes-manggystaulyq-azamat-olimpiadaga-velosipedpen-zholga-shyqty-video/