Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әдейі істемедім": "Ақтөбе" мен "Астана" командаларының туын таптаған футзалшының басы дауға қалды

Жарияланған күні:

Қазақстандық футзалшы Лео Игита
Лео Игита. Фото: kff.kz

Футзалдан Қазақстан құрамасының және алматылық "Қайрат" клубының ойыншысы Лео Игитаның басы дауға қалды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Әлеуметтік желіде тараған видеодан Игита автобусқа дейін жанкүйерлер төсеп қойған "Астана" және "Ақтөбе" командаларының туы мен шарфын басып өткенін байқауға болады. Футзалшы бұл әрекетінен кейін көпшіліктің сынына ұшырады. Кейін ол Instagram желісіндегі ресми парақшасында жанкүйерлерден кешірім сұрады.

"Қайырлы кеш! "Ақтөбе" мен "Астана" жанкүйерлерінен кешірім сұрағым келеді. Шынымды айтсам, менен не сұрап жатқанын түсінбедім. Бір ғана қате барлық жанкүйердің және менің көңіл-күйімді түсірді. Мен мұны әдейі істемедім. Бәрі өте тез болды, кейін видеодан қараған кезде ғана командалардың шарфын таптап жатқанымды түсіндім. Ақтөбеде де, Астанада да мені ерекше құрметтейді, яғни менде қасақана олардың шарфын таптайтын ниет болған жоқ. Мен футзалдың Қазақстанда дамып жатқанына қуанам және оған Ақтөбенің қосып отырған үлесі көп", - деп жазды Игита.

Бұл жағдайға байланысты "Қайрат" футзал клубы ресми мәлімдеме жасады.

"Осы мәлімдеме арқылы "Қайрат" футзал клубы барша футбол және футзал қауымына үндеу тастайды. "Қайрат" футзал клубы басқа клубтарға қарсы құрмет танытпай және қорлаудың кез келген түріне үзілді-кесілді қарсы екенін мәлімдейді.

Бүгін Алматыдағы екінші финалдық ойыннан кейін футбол клубының атрибуттарына қатысты оқиғаға шын жүректен өкініш білдіреміз. Клуб атынан басқа Қазақстандық футбол және футзал клубтары мен олардың жанкүйерлеріне, атап айтқанда "Ақтөбе" мен "Астана" футбол клубтарына құрметсіздік танытқан клубымыздың бірнеше ойыншысының "жасаған қылығы" үшін шын жүректен кешірім сұраймыз. Біз мұндай оқиғаларға кез-келген жағдайда жол беруге болмайтынын және тәрбиеге сыймайтын әрекеттердің болғанын мойындаймыз.

Клуб құрылған кезеңнен бастап дәл мұндай жағдайлар ешқашан болған емес және біз осындай жағдайлардың алдын алуды жалғастырамыз. "Қайрат" футзал клубы елімізде футзалдың дамығанын және ел футзалында қарсыластарға құрмет пен достық қарым-қатынас әрқашан үстем болғанын қалайды. Барлығынан кешірім сұраймыз!", - делінген алматылық команданың Instagram желісіндегі жазбасында.

Cондай-ақ Қазақстан футзал қауымдастығы да ресми мәлімдеме жариялады.

"Қазақстан футзал қауымдастығы бүгін футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны - Игитамен болған оқиғаға үзілді-кесілді қарсы. Біз барлық клубтарға және олардың футбол мен футзал жанкүйерлеріне құрметпен қараймыз. Қазақстан футзал қауымдастығы тарапынан осы мәселені шешу және болашақта осындай жағдайларға жол бермеу бойынша барлық іс-шараларды қолға алатын болады", - делінген хабарламада.

Лео Игита "Қайрат" сапында 2011 жылдан бері ойнап келеді. Ол 2013 жылдан бастап Қазақстан құрамасында өнер көрсетеді. Игита мансабында бес рет әлемнің үздік қақпашысы атанған (2015, 2016, 2018, 2019 және 2020 жылдары).

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2114715-adeii-istemedim-aqtobe-men-astana-komandalarynyng-tuyn-taptagan-futzalshynyng-basy-dauga-qaldy/