Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақстан - жанымның бір бөлшегі": Футзалдан ұлттық құрама қақпашысы Игитамен эксклюзив сұқбат

Жарияланған күні:

Лео Игита
Лео Игита. Фото: Angel Martinez - FIFA/FIFA via Getty Images

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы әрі капитаны Игита осы аптада алматылық "Қайрат" клубымен қоштасқанын мәлімдеді. "Қайрат" футзал клубы құрамында 13 жыл бойы жоғары деңгейде өнер көрсеткен Игита талай турнир мен доданың көркін қыздырып, қазақ жанкүйерлерінің ыстық ықыласына бөленген. Қазақ футзалының жарқын жұлдызы атанған Игитамен сұқбаттасудың сәті түсіп, KAZ.NUR.KZ тілшісі оған көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарды қоюға тырысты.

– Игита, сіз "Қайрат" футзал клубының сапында 13 жыл бойы жарқын өнер көрсетіп, жанкүйерлердің ыстық ықыласына ие болдыңыз. Алматылық клубпен қоштасу сізге қаншалықты қиын болды?

– Бұл шешімді қабылдау маған өте ауыр болды. "Қайрат" клубында өткізген 13 жылым - менің өмірімнің жарқын кезеңі. Осы уақыт аралығында мені қолдаған жанкүйерлеріме алғысымды білдіремін. Соңғы қоштасу матчынан кейін де өздерінің жылы лебіздері мен тілектерін жеткізіп жатқан жандар жетерлік.

"Қайрат" футзал клубы бүгінде бірбүтін отбасыға айналып кетті. Мұндағы атмосфераны сөзбен айтып жеткізу қиын. Ол осы дүниелердің бәріне мұрындық болып отырған жан - "Қайрат" футзал клубының президенті Қайрат Оразбеков. Мен де клубтан кету туралы шешімімді ең алғаш Қайрат Айтмолдаұлына айттым. Ол кісі мені толыққанды түсініп, бұл шешіміме қарсы келмеді. Қайрат Айтмолдаұлына да айтар алғысым шексіз. Мені әрдайым қолдап, бүгінге дейін бар көмегін аямады.

– Осы шешіміңізден кейін бірқатар бұқаралық ақпарат құралы сізді "Семей" футзал клубына ауысады деп жарыса жазып жатыр. Алдағы уақытта сізді семейлік клубтың құрамынан көреміз бе? Әлде басқа жоспарыңыз бар ма?

– Иә, қазіргі таңда "Семей" футзал клубы мен Сауд Арабиясынан арнайы ұсыныстар бар. Сондай-ақ Ресей чемпионатына да шақырды, бірақ олар ұсынған келісімшарт мерзімі бір жылға ғана көзделген. Ал мен тұрақты өнер көрсеткім келеді, сол себепті маған кемінде екі жылдық келісімшарт қажет.

Сондықтан алдағы уақытта мен қай клубта өзімді сынап көргім келетіні әлі де басы ашық мәселе. 1 шілдеге дейін шешімімді айтамын.

– Күзде Өзбекстанда әлем чемпионаты өтеді. Әлемнің мықтылары бас қосатын турнирге Қазақстан да қатысады. Биылғы мақсат қандай?

– Қазіргі уақыттағы басты мақсат топтан бірінші орынды иеленіп шығу. Себебі әлемнің үздік құрамалары ойнайтын бұл турнирге алдын ала үлкен мақсаттар қою қиын. Себебі осы уақытқа дейін ұлттық құрамамен бірге 2016 жылғы Еуропа біріншілігінде 3-орынды иелендік, ал 2018 жылы жартылай финалға дейін жеттік. 2021 жылы өткен әлем чемпионатында жақсы өнер көрсетіп, жартылай финалда жеңіліс таптық. Биылғы әлем чемпионатында да жарқын жетістікке жетеміз деп ойлаймын. Тек топтан бірінші орынды иеленіп шықсақ, плей-оффтағы әр кездесу біз үшін финалдық ойынмен пара-пар болады.

– Биылғы әлем чемпионатында ұлттық құрама үшін аянып қалмайтыныңыз анық. Бірақ келесі әлем біріншілігінде сіздің ойыныңызды тамашалай аламыз ба?

– Өзімді өте жақсы сезінемін, бәрі ойдағыдай. Бірақ әр ойын мен жаттығудан кейінгі өз қалпыма келу процесі маған ауыр тиіп жатқанын жасырмаймын. Сонда да ойын кезінде де, жаттығу барысында да өзімнің қабілеттерімді толыққанды көрсеткім келеді. Бүгінде менің жасым 38-ді межеледі. Ал келесі әлем біріншілігінде мен 42-ге толамын. Бұл үлкен жас. Сондықтан 95%-ға бұл менің соңғы әлем чемпионатым деп айтуыма болады. Бірақ та алдын ала тон пішудің қажеті жоқ. Бәрін де өз уақытында көреміз.

– Қазақ футзалының жандануына бір кісідей үлес қостыңыз. Ұлттық құраманың бүгінгі деңгейі де, ойыны да сізге мәлім. Осы тұрғыда сіз қазақ футзалының бүгінгі жай-күйін қалай бағалайсыз?

– Егер 15 жыл бұрынғы қазақ футзалы мен бүгінгі қазақ футзалының деңгейін сараптайтын болсақ, әрине, қазіргі уақытта жеткен жетістіктеріміз көп. Өзім де қазақ футзалының даму кезеңінің куәсі болдым. Бүгінде ел біріншілігінде де бәсекелестік күшейе бастады. Клубтар жаңа үлгідегі ойындарды көрсетіп жүр. Отандық клубтардың жаңа тактика мен ерекше техникаға құрылған ойыны, стандартты жағдайды жүйелі ұйымдастыруы көңіл қуантады.

Ал ұлттық құрама деңгейін жоғары бағалаймын. Бүгінде бізде буын алмасу процесі жүріп жатыр. Құрамаға жастар қосылды, жаңа есімдер пайда бола бастады. Бұл да Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа белесі деп есептеймін.

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы
Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы. Фото: Angel Martinez - FIFA/FIFA via Getty Images

– Болашақта мансабыңызды аяқтағаннан кейін жаттықтырушы ретінде қызмет етіп, ел футзалын одан әрі дамыту ойыңызда бар ма?

– Әрине, ойда бар. Қазіргі таңда мен осы бағытта көптеген курстан өтіп жүрмін. Тек жаттықтырушы ретінде емес, өзімді менеджер, спорт менеджері ретінде сынап көргім келеді. Спорттың айналасында жүргеннен кейін болашақта клубтағы кез келген функцияны атқаруға дайынмын.

– "Қайрат" футзал клубының сапында жарқын кезеңді өткердіңіз. Талай кубокты басыңыздан асыра көтердіңіз. Бірақ есіңізде ерекше сақталған, жүрекке жылы тиетін жетістігіңізді айта аласыз ба?

– "Қайратпен" бірге талай турнирдің жеңімпазы атандық. Бірақ 2012/13 жылғы маусымда Чемпиондар лигасында топ жарғанымыз өзіме ерекше ыстық жетістік саналады.

– 2009 жылдан бері Қазақстанда өмір сүріп, кәсіби түрде спортпен айналысып келе жатырсыз. Егер алдағы уақытта шетелдік клубта өнер көрсетуге тура келер болса, Қазақстанды сағынасыз ба?

– Иә, егер шетелге кетсем, Қазақстанды ерекше сағынамын. Отбасым да бұл жаққа сіңісіп кетті. Ауа райы да, салт-дәстүрі де, адамдары да біз үшін өте ыстық. Қазақстан жанымның бір бөлшегі деп айтуға болады. Әрине, мен Қазақстанда дүниеге келмедім. Бірақ осынша уақыт бұл елде тұрып жатқаннан кейін, Қазақстан менің үйіме айналып үлгерді. Әрдайым Қазақстанды өз үйімдей көремін. Бұл жақта маған бәрі ұнайды. Мен өзімді жайлы сезінемін.

– Сұқбат бергеніңізге көп рақмет! Спорт мансабыңызға сәттілік тілейміз!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2122146-qazaqstan-zhanymnyng-bir-bolshegi-futzaldan-ulttyq-qurama-qaqpashysy-igitamen-ekskliuziv-suqbat/