Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Париж Олимпиадасында өзге елдің намысын қорғайтын қазақ спортшылары кім

Опубликовано:

Әбусайман Хабила
Әбусайман Хабила. Фото: Kadir Caliskan - United World Wrestling/Getty Images

26 шілдеде Парижде (Франция) жазғы Олимпиада ойындары басталады. Төрт жылдықтың басты бәсекесіне шетелде тұратын қазақ спортшылары да қатысады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

1. Ақтеңге Кеунімжаева, Өзбекстан

Әйелдер күресінен сынға түсетін Ақтеңге Кеунімжаева 1999 жылы Өзбекстан құрамындағы Қа­ра­қал­пақстан Республикасының астанасы Нө­кіс қаласында дүниеге келген.

Ақтеңге – 23 жасқа дейінгі балуандар арасында Азия чемпионы, құрлық біріншіліктерінің жүлдегері, Азия ойындарының қола медаль иегері, Өзбекстанның еңбек сіңірген спорт шебері.

Ол сәуірде Бішкекте өткен күрес түрлерінен Азия құрлығының іріктеу турнирінде 50 кг салмақта Париж Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды. Осылайша, Өзбекстан тарихында әйелдер күре­сі­нен жолдама иеленген алғашқы спортшы атанды.

Ақтеңге Кеунимжаева
Ақтеңге Кеунимжаева. Фото: uww.org

2. Әбусайман Хабила, Қытай

Еркін күрес шебері Әбусайман Хабила 1998 жылы Қытайдағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында өмірге келген. Ол – Азия чемпионатының, Азия ойындарының жүлдегері.

Этникалық қазақ Стамбұлда (Түркия) өткен соңғы әлемдік лицензиялық турнирде Париж Олимпиадасына 97 кг салмақ дәрежесінде жолдама иеленді. Әбусайман шешуші белдесуде өзбекстандық балуан Магомед Ибрагимовты 2:1 есебімен жеңген болатын.

Әбусайман Хабила
Әбусайман Хабила. Фото: uww.org

3. Руслан Абдуллаев, Өзбекстан

Боксшы Руслан Абдуллаев 2002 жылы Өзбекстанда туған. Ол – бокстан Өзбекстан ұлттық құрамасының мүшесі, әлем чемпионы (2023), Азия чемпионы (2022), Өзбекстан чемпионы (2021).

Абдуллаев наурызда Италияда өткен әлемдік лицензиялық турнирдің ширек финалында сербиялық Алексей Сендрикті ұтып, Олимпиада лицензиясын еншіледі. Ол Парижде 63,5 кг салмақта сынға түседі.

Руслан Абдуллаев
Руслан Абдуллаев. Фото: olamsport.com

4. Тоқтарбек Таңатқан, Қытай

Боксшы Тоқтарбек Таңатқан 1996 жылы Қытайдың Алтай аймағында дүниеге келген.

Тоқтарбек – бокстан Қытай ұлттық құрамасының мүшесі, Токио Олимпиадасының қатысушысы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Қытайдың төрт дүркін чемпионы.

Қандасымыз 2023 жылы Азия ойындарында жеңімпаз атанып, Париж Олимпиадасына жолдама алған еді. Ол жазғы Олимпиадада 80 кг салмақ дәрежесінде жұдырықтасады.

Тоқтарбек Таңатхан қызыл жейдеде
Тоқтарбек Таңатхан қызыл жейдеде. Фото: iba.sport

Еске салайық, Париж Олимпиадасына қатысатын Қазақстан құрамасы жайлы 9 қызық дерек жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2125662-parizh-olimpiadasynda-ozge-elding-namysyn-qorgaityn-qazaq-sportshylary-kim/