85 жастағы шымкенттік әже португалиялық футболшы Криштиану Роналдудың жанкүйері екенін айтып, елді сүйсінтті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Әлеуметтік желіде "Месси ұнай ма, әлде Роналду ма?" деген сұраққа жауап берген әженің видеосы тарады.
"Маған Роналду кішкентай кезінен ұнайды ғой. Роналдудың атын немерелерімнің біріне қою керек еді. Ол жан-тәнімен ойнайды. Бір кезде аяғын ауыртып алғанда жылағанын көрсең. Барлық ойынын қалдырмай көруші едім", - деді әже.
Желі қолданушылары әжеге ұзақ ғұмыр тілеп, видеоның астына пікір қалдырды.
"Күшті апам, жарайсыз. Есте сақтау қабілеті жақсы, аман болыңыз, жүз жасаңыз", "Сізді жақсы көреміз", "Алла сізге денсаулық берсін. Ұлым осы видеоны көрсетіп, "сен де осындай боласың" дейді. Мен футболды жақсы көремін", "Апамыз 100 жасасын", - деп жазды оқырмандар.
Айта кетейік, Криштиану Роналду – Португалия құрамасының және Сауд Арабиясындағы "Әл-Наср" футбол клубының ойыншысы.
Роналду бастаған Португалия құрамасы Германияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатының 1/8 финалында Словениядан басым түсіп, ширек финалға шыққан еді. Енді португалиялықтар келесі кезеңде Францияға қарсы ойнайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2127534-nemeremning-atyn-ronaldu-qoiamyn-shymkenttik-azhe-portugaliialyq-futbolshyga-zhankuier-ekenin-aitty-video/