Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Арманына жету үшін 12 жыл күткен: Эверест шыңын бағындырған тұңғыш қазақ жігіті

Опубликовано:

Анар Борашева мен Мақсұт Жұмаев
Анар Борашева мен Мақсұт Жұмаев. Фото: olympic.kz

Таяуда тұңғыш қазақ қызы әлемнің ең биік нүктесі – Эверест шыңын бағындырғаны белгілі. Анар Борашева қазақстандық танымал альпинист Мақсұт Жұмаевтың көмегімен әлемнің ең биік нүктесіне шығып, отандық альпинизм тарихының жаңа бетін ашып берді. Бүгінгі мақаламызда Эверест шыңын бағындырған қазақтар туралы мәлімет беруді ұйғардық.

Анар Борашева – Эверестті бағындырған тұңғыш қазақ қызы

Биылғы мамырда Kazakh Everest Team қазақстандық альпинистер командасы Эверестті сәтті бағындырды.

Команда құрамында Анар Борашева мен Мақсұт Жұмаев болды. Анар Борашева әлемдегі ең биік шыңға көтерілген тарихтағы тұңғыш қазақ қызы атанды. Ал тәжірибелі альпинист Мақсұт Жұмаев бұл шыңды үшінші рет бағындырып отыр. Kazakh Everest Team командасына әйгілі шыңды еңсеру үшін бес күн – 7-12 мамыр аралығы жеткілікті болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Анар Борашеваны қабылдап, әлемдегі ең биік Эверест шыңын қазақ қыздарының арасынан бірінші болып бағындыруымен құттықтаған еді.

Мақсұт Жұмаев – Эверестті үш мәрте бағындырған қазақ

Жұмаев – халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Әлемнің ең биік шыңына отандасымыз алғаш рет 2007 жылы шыққан, екінші мәрте Астананың 20 жылдығына арнап 2018 жылы шыққан еді. Ал үшіншісі 2024 жылдың мамырында болды.

"Қазақ географиялық қоғамы" мәліметінше, Мақсұт Жұмаев – Қазақстанның ғана емес, сонымен бірге әлемнің көрнекті альпинисті. Дүние жүзі бойынша барлық 14 сегізмыңдық: Эверест, Чогори (K2), Канченджанга, Лхоцзе, Макалу, Чо-Ойю, Дхаулагири, Манаслу, Нангапарбат, Аннапурна, Гашербрум I (Хидден-пик), Броуд-Пик, Гашербрум II, Шишабангма шыңдарын бағындырған адам. Сонымен қатар ол осы сегізмыңжылдықтарға қосымша оттексіз шыға алған 12-ші альпинист болды.

Кеңес одағында шыңға көтерілген тұңғыш қазақ

Енді біз ең биік нүктеге шыққан алғашқы қазақстандықтарға тоқталып өтпесек болмас. 1982 жылы 9 мамырда үш қазақстандық – Қазыбек Уәлиев, Валерий Хрищатый, Юрий Голодов – адамзат тарихында тұңғыш рет жүріп өткен бірегей бағыт бойынша шыңға шықты.

Олардың ішінде Қазыбек Уәлиев – Эвересті бағындырған тұңғыш қазақ. Ол – альпинизмнен КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері. 1985 жылы қазақ тіліндегі "Эверест шыңына шығу" кітабын жазып шыққан.

Қазыбек Уәлиев пен Валерий Хрищатый
Қазыбек Уәлиев пен Валерий Хрищатый. Фото: climbing.ru

Massaget.kz ресурсының мәліметінше, Уәлиев КСРО Эверестке шығуға 1968 жылы тілек білдіріп, кезекке тұрған. Алайда рұқсатты тек 1980 жылы алды. 1982 жылы экспедиция ұйымдастырылып, мамыр айында КСРО альпинистері Эверестке бағыт алды. Алғаш болып Владимир Балыбердин мен Эдуард Мысловский қалған 348 метрді сегіз сағатта, Сергей Бершов пен Михаил Туркевичтер екі күннен соң шыңға шығады.

Олардың ізімен қазақстандық Қазыбек Уәлиев пен Валерий Хрищатый шыңға сәтті шығады. Дегенмен оларға шың бірден беріле қойған жоқ. Уәлиев пен Хрищатый шыңға екінші реттен кейін жетті. Бірінші рет олар ауа райының қолайсыздығына байланысты, кері қайтуға мәжбүр болған. Екінші рет қатты дауыл тынған соң шыңды бағындырды.

Қазыбек Уәлиев
Қазыбек Уәлиев. Фото: "Қазақстан альпинистері"/ourrocks.kz

Осылайша Қазыбек Уәлиев  әлемнің ең биік шыңын бағындырған тұңғыш этникалық қазақ атанды. Ол естелік ретінде шыңда Алматы мен Медеу бейнеленген белгіні тастап кеткен. Кейін елге оралған соң Қазыбек Уәлиев Эверестке сапары жайлы зерттеу жұмыстарын жазып, кандидаттық диссертациясын қорғаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2130639-armanyna-zhetu-ushin-12-zhyl-kutken-everest-shyngyn-bagyndyrgan-tunggysh-qazaq-zhigiti/