Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Олимпиадаға қатысатын қазақстандық спортшылардың әлемдік рейтингтегі жағдайы қандай

Жарияланған күні:

Семсерлесуші Руслан Курбанов, балуан Азамат Дәулетбеков, дзюдошы Абиба Әбужақынова
Семсерлесуші Руслан Курбанов, балуан Азамат Дәулетбеков, дзюдошы Абиба Әбужақынова. Фото: Olympic.kz

Париждегі Олимпиада ойындарының басталуына екі аптадан аса уақыт қалды. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы төртжылдықтың байрақты бәсекесіне тыңғылықты дайындық жүргізіп жатыр. Осыған байланысты Ұлттық Олимпиадалық комитеттің ресми сайты қазақстандық спортшылардың әлемдік рейтингтегі жағдайына шолу жасады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Әлемдік рейтинг көбінесе жеребе тарту рәсімі мен спортшының жарыс алдындағы бабынан хабар береді. 

Қазіргі уақытта еркін күрестен Қазақстан құрамасының балуаны Азамат Дәулетбеков әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Еркін күрес шебері 86 кг дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, ұзақ уақыт бойы өз позициясын сақтап келеді. Сондай-ақ Азамат соңғы әлем чемпионатының қола жүлдегері.

Азамат Дәулетбеков
Азамат Дәулетбеков. Фото: olympic.kz

Олимпиадаға қатысатын тағы бір балуанымыз – әлемдік рейтингте 8-орында тұрған Әлішер Ерғали. Жақында Париж Олимпиадасының жолдамасын еншілеген Мейрамбек Қартбай әлемдік көрсеткіште 4-орында тұр.

Ал грек-рим күресінен 60 кг салмақ дәрежесінде белдесетін Айдос Сұлтанғали рейтингтің алғашқы ондығына енбеді. Десе де, UWW рейтингінде 77 кг салмақтағы Демеу Жадраев (7-орын) мен 87 кг салмақтағы Нұрсұлтан Тұрсынов (5-орын) секілді балуандар жоғары сатыда тұр.

Теннистен Қазақстан құрамасының үздігі Елена Рыбакина WTA рейтингінің 4-сатысына тұрақтады. Ал Олимпиадада өнер көрсететін теннисші Юлия Путинцева әлемдік рейтингте 38-орында тұр.

Елена Рыбакина
Елена Рыбакина. Фото: Robert Prange/Getty Images

Теннистен ерлер арасында өнер көрсететін Александр Бублик АТР рейтингінде 23-орынға жайғасса, ал Александр Шевченко 57-орынды місе тұтты.

Ал еліміздің намысын қорғайтын дзюдошыларымыздың арасында ең жоғары көрсеткіш 48 кг салмақта бақ сынайтын Абиба Әбужақыноваға (3-орын) тиесілі. Ал ерлер арасында 81 кг салмақтағы Абылайхан Жұбаназар 10-орынға жайғасса, 60 кг салмақта белдесетін Елдос Сметов рейтингтің 22-сатысында тұр.

Семсерлесуден әлемдік рейтинг нәтижесі Олимпиада ойындарының жеребе тарту рәсіміне тікелей әсер етеді. Командалық сында Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингте 4-орынға тұрақтады.

Руслан Курбанов
Руслан Курбанов. Фото: FIE

Ал жекелей сында қазақстандық спортшылар арасынан Руслан Курбанов жоғары сатыда орналасқан. Ол 12-орында. Ерлік Сертай 35, Эльмир Алимжанов 47, Вадим Шарлаимов 65-орындарға жайғасқан. 

Сондай-ақ, велоспорттан Қазақстан құрамасы өткен маусым нәтижесі бойынша UCI рейтингінде 19-орынға тұрақтады.

Спорттық гимнастикадан сынға түсетін Нариман Курбанов әлем кубогі кезеңдерінен соң түзілген рейтингте 2-орынға жайғасып, Париж Олимпиадасына жолдама алған болатын.

Айта кетейік, жанкүйерлер тағатсыздана күткен төрт жылдықтың басты спорттық оқиғасы биыл 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2131092-olimpiadaga-qatysatyn-qazaqstandyq-sportshylardyng-alemdik-reitingtegi-zhagdaiy-qandai/