Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстан құрамасы Парижде өтетін жазғы Олимпиадаға аттанды (видео)

Жарияланған күні:

Париж Олимпиадасына қатысатын қазақстандық спортшылар
Париж Олимпиадасына қатысатын қазақстандық спортшылар. Фото: t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi

Қазақстан ұлттық құрамасын Парижде (Франция) өтетін жазғы Олимпиада ойындарына ресми түрде шығарып салу рәсімі өтті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Туризм және спорт министрлігінің Telegram желісіндегі ресми арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Салтанатты шара Алматы облысындағы республикалық олимпиадалық даярлық базасында өтті. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев спортшылар және жаттықтырушылар құрамымен әңгімелесіп, алдағы жарыстарға сәттілік тіледі.

"Сіздердің алдыңызда елімізді Париж Олимпиадасында таныстыру, ел намысын абыроймен қорғау сияқты маңызды әрі өте жауапты міндет тұр. Сіздердің чемпиондық мінезіңіз, табандылығыңыз, жеңіске деген ерік-жігеріңіз, осы күнге дейін жиған тәжірибелеріңіз, жаттықтырушылардың, дәрігерлердің, массаж жасаушылардың қажырлы еңбегінің арқасында үлкен нәтижеге жететінімізге сенімдімін. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жазғы және қысқы Олимпия ойындарының 79 жүлдегерін, оның ішінде 15 Олимпиада чемпионын тәрбиелеп шығарды. Олимпиададағы жетістіктер – бүкіл елдің әлемдегі имиджі, мемлекеттің әл-ауқатының көрсеткіші, ең бастысы, бұл – сіздердің көпжылдық және қажырлы еңбектеріңіздің нәтижесі!", - деді Ермек Маржықпаев.

Қазақстан құрамасын Париж Олимпиадасына шығарып салу рәсімі
Қазақстан құрамасын Париж Олимпиадасына шығарып салу рәсімі. Фото: t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi

Айта кетейік, Париж Олимпиадасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Жарысқа 205 елден 10 мыңнан астам спортшы қатысады. Олар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Төрт жылдықтың басты додасында Қазақстан құрамасы сапынан 80 спортшы ел намысын қорғайды. Олар спорттың 25 түрінен бақ сынайды. Қазақстан Тәуелсіздік жылдарынан бері осымен сегізінші мәрте жазғы Олимпиадаға қатыспақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2135565-qazaqstan-quramasy-parizh-olimpiadasyna-attandy/